Атырау облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жас өнерпаз Грекияда «Greece Hope» халықаралық фестивалінде бақ сынаған.
«Бұл фестивальге әлемнің 19 елінен жас өнерпаздар қатысты. Атыраудағы Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Дилназ Ежірова ағылшын тіліндегі «Love Story» әнін орындады. Қазылар алқасы қазақстандық оқушының ерекше дауысы мен сахнада өзін ұстау мәдениетіне тәнті болып, бас жүлдеге лайық деп тапты», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Ұстазы Алма Нұрашеваның айтуынша, 13 жасар әнші Дилназ Ежірова бұған дейін бірнеше рет республикалық және халықаралық байқауларда өнер көрсеткен. Ол – вокаль жанрында үздік нәтиже көрсетіп жүрген талантты шәкірт.
«Дилназдың бұл жеңісі – шығармашылығындағы жаңа жетістігі. Мұны еліміздің өнер саласына қосылған зор үлес деуге болады. Әлемдік өнер сайысында еліміздің атын асқақтатқан жас әнші болашақта жаңа жетістіктерге жетуге талпынады. Өйткені, ол – жас болса да таланты шыңдалып келе жатқан өнерпаз», - дейді Алма Нұрашева.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мектептің 11-сынып оқушысы референдумда алғаш рет дауыс бергенін хабарлаған болатынбыз.