Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жасөспірімнің Жылыой ауданындағы орта мектепте оқитыны анықталған.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚК департаментінің терроризмге қарсы орталығымен бірге Жылыой ауданының мектебінде жарылғыш зат туралы жалған хабар берген мектептің 9-сынып оқушысын анықтады. Жасөспірім Telegram-чатта құрдасымен әңгімелесу кезінде араздасып қалған. Содан соң мессенджерде анонимді аккаунт ашып, құрдасының атынан дабыл сигналын жолдаған», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір аталған дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) қылмыстық іс қозғалды. Оқушының ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 127-бабымен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) әкімшілік іс құжаты жинақталды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Мектепте бомба барын хабарлаған атыраулық психиатриялық станционарға жатқызылғанын хабарлаған едік.
Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сай аталған азамат «Параноидты шизофрения үздіксіз ағын түрі, тұрақты ақаумен» созылмалы психикалық бұзылуымен ауыратыны расталған. Күдікті ҚР Қылмыстық кодекстің 273-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Оған Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.