Атыраулық журналист Виктор Сутягиннің көлігін өртеген жігіт 5 жылға сотталды

Фото: Фото: Kazinform/Мухтор Холдорбеков

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау соты журналист Виктор Сутягиннің көлігін өртеген жігітке үкім шығарды. Күдікті 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл іс Атырау қаласының №2 сотында қаралды. СотталушыЕ.-ге ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылған. 

«Сотталушы Е. 2023 жылғы 11 мамырда жәбірленуші С.-ның «Лексус» маркалы автокөлігін қасақана өртеп, 25 млн теңгеден астам соманың залалын келтірген. Сотталушының кінәсі өзінің, куәлардың айғақтарымен, бақылау камераларынан алынған фото-бейнежазбалармен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Прокурор сотталушы Е.-ге 6 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. Ал, жәбірленуші прокурордың ұстанымын қолдады.

«Сот үкімімен сотталушы Е. кінәлі деп танылып, оған 5 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің азаматтық талабы толығымен қанағаттандырылды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, Атырауда журналист Виктор Сутягиннің көлігін белгісіз біреу өртеп жібергені хабарланған еді.