Жарияланған баяндамаға сәйкес, атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеніне қарамастан, Израиль күштері комиссия геноцид деп бағалайтын әрекеттерін жалғастырып отыр. Құжатта Палестинаның бейбіт тұрғындары әдейі шабуыл нысанасына айналып отырғаны айтылған.
Комиссия сарапшылары Иордан өзенінің батыс жағалауындағы басып алынған аумақтағы жағдайға да ерекше назар аударды. Олардың бағалауынша, 2023 жылғы 7 қазаннан кейін өңірдегі ахуал едәуір нашарлаған.
Баяндамада келтірілген мәліметтерге сәйкес, 2008 жылдан 2023 жылғы 6 қазанға дейін Иордан өзенінің батыс жағалауында әуе соққыларынан алты палестиналық қаза тапқан. Ал 2023 жылғы 7 қазаннан 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін әуе шабуылдарынан қаза тапқандар саны 254 адамға жеткен.
Сонымен қатар 2025 жылдың қаңтарынан бері Израильдің әскери операциялары салдарынан 34 176 палестиналық үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Баяндамада бейбіт тұрғындарға жүйелі түрде шабуыл жасау, азаптау, жыныстық зорлық-зомбылық көрсету және балаларды өлтіру туралы да айыптаулар келтірілген.
Комиссия төрағасы Шринивасан Муралидхардың айтуынша, палестиналықтарды қасақана өлтіру және жаралау, олардың үйлерін қирату, сондай-ақ Израиль тарапының жауапкершілікті мойындамауы — Палестина халқын өз жерінен ығыстыруға бағытталған кең ауқымды стратегияның бір бөлігі.
Ол сондай-ақ Израильдің Газа секторындағы бақылау аумағын кеңейтуі салдарынан Израиль армиясы бақылайтын «сары сызыққа» жақындаған немесе оны кесіп өткен палестиналықтар қаза тауып, жараланып жатқанын атап өтті.
Бұған дейін БҰҰ Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Израиль қоныстарының кеңеюіне және Газа секторындағы әскери операциялардың жалғасуына алаңдаушылық білдірген еді. Ұйымның мәліметінше, атысты тоқтату туралы келісім күшінде болғанына қарамастан, өңірдегі жағдай тұрақсыз күйде қалып отыр.