13:09, 24 Сәуір 2009
Атқару органдары мен екінші деңгейлі банктер арасында әріптестік байланыс құру мәселесі пысықталды
АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетте «Атқару өндірісі органдарының банктермен өзара қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен келешегі» атты дөңгелек үстел өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Басқосуға елдегі 12 банктің басшылары, коллекторлық қызмет агенттіктері қатысты. Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің төрағасы Ирак Елекеев өз сөзінде, «атқару органдар мен екінші деңгейлі банктер арасындағы әріптестік байланыс жасау ? дағдарыс жағдайында мемлекет үшін өте маңызды шара» екендігін атап көрсетті.«Қаржы дағдарысында банктер аса үлкен қиындықтарға тап болды. Қазақстандағы банктер соңғы жылдары көп көлемде несие берген болатын. Қазір оның бір бөлігі қайтарымсыз, «үмітсіз» несиелер. Мәселен, биылғы жылдың соңғы үш айында екінші банктердің пайдасына 58 млн. теңге өндіріп алу туралы 27 мың құжат келіп түсті», - деді ол. Комитет басшысының айтуынша, «қарызды өндіріп алу бойынша жасалған сот шешімдерінің орындалу барысы атқарушы органдардың, банктердің және коллекторлық агентіктердің тиімді ықпалдастығына байланысты. Осы ретте Әкімшілік соттар мен банктер ақпараттық ресурстардың мүмкіншіліктерін барынша пайдалану керек».