Есептік кездесу барысында аудан әкімі Айбек Қосуақов жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Өз кезегінде Нұрлан Ноғаев Түпқараған ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Жиында халықты ауыз сумен қамту, денсаулық сақтау саласы, спорт жарыстарын қаржыландыру тәртібі, жұмыспен қамту және тағы басқа мәселелер көтерілді.
Өңір әкімі Түпқараған ауданының денсаулық сақтау саласының жағдайымен танысты. Аудан бойынша 1 емхана, 1 аурухана, 3 дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Әр ауылда медициналық амбулаториялар, алғашқы медициналық көмек көрсету орталықтары, ауысымына 100 келушіні қабылдайтын емхана және 2 жеке денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс істейді. 2021 жылы туберкулез ауруханасының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, кейін бұл нысан провизорлық стационарға айналды. Инфекциялық және балалар бөлімшесі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, оттегімен қамтамасыз ететін 87 пункті орнатылған. Ауданда барлығы 48 дәрігер, 150 кіші медицина қызметкерлері бар.
Содан кейін облыс әкімі аудан белсенділерімен кездесті. Онда жұмысқа орналасу, экология, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және жер қатынастары, теңіз порты және темір жол құрылысы мәселелері талқыланды. Жиынға белсенділерден басқа, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ардагерлер және басқа да жауапты тұлғалар қатысты.
Нұрлан Ноғаев кеңесте көтерілген мәселелер басымдықтарға қарай шешілетінін атап өтті.
«Атқарушы органдар мен халық арасындағы байланысты тереңдетуіміз қажет. Бұл тапсырма ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрініс тапқан. Белгілі бір шараларды қабылдауда халықтың сұранысы мен ұсыныстарын ескеру маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында біз еңбек ұжымдарымен, ауыл, қала, аудан және облыс тұрғындарымен жиі кездесулер ұйымдастырамыз. Бұл аймақтағы мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, мұндай кездесулер өз тиімділігін көрсетіп те үлгерді. Сондай-ақ, бізде Telegram қосымшасында арнайы чат-канал жұмыс істейді, онда 9 мың адам бар. Менің әріптестерім және жеке өзім күн сайын халықтың сұрақтарына жауап береміз. Бұл кері байланыстың жақсы құралы», - деп атап өтті облыс әкімі.
Одан бөлек, Нұрлан Ноғаев Түпқараған ауданының жастарымен еркін форматта кездесу өткізді. Жиналыс барысында ол облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді және жергілікті атқарушы органдар жастар бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.