Еске сала кетейік, заң жобасының мақсаты атқарушылық іс жүргізу саласын реттейтін заңнаманы жетілдіру, сот орындаушыларына борышкерлерге әсер етудің нақты тетіктерін беру, сонымен бірге сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін нормаларды жою болып табылады. Бұдан бөлек, құжатта ұсынылған өзгерістер заңды күшіне енген сот актілерінің абсолютті түрде орындалуына қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен қатар, заң жобасы бойынша сот орындаушылары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында олардың өкілеттілігін кеңейту қарастырылады.
Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні атқарушылық іс жүргізу саласында күрделі жағдай қалыптасқан. Мәселен, қолданыстағы институттар мен құралдар Конституцияның сот актілерінің орындалу міндеттерін іске асырылуын қамтамасыз ете алмай келеді. Сондықтан да, заң жобасы осындай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталады.
Заң жобасын талқылау барысында сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған құжатқа бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, Сенат депутаттары кәсіпкерлік қызметті қорғау және бизнес ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар ұсыныс жасады.