Атқарылмаған жұмысқа орындалды деп қол қойған басшысының орынбасары 2 жыл абақтыда отыратын болды

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Батыс Қазақстан облысында талапқа сай атқарылмаған жұмысқа орындалған деп қол қойған мекеме басшысының орынбасары бас бостандығынан айырылды.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі таратқан мәліметтерге қарағанда, «Тұрмыстық-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары А.Кенжебаев 3 нысан бойынша қоршау құрылысы және Орал қаласының арық жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша құрылыс құны анағұрлым көтермеленгенін және жобалау-сметалық құжаттаманың жоқтығын анық біле тұра, объектілерде орындалған жұмыстар туралы жалған мәліметтер енгізілген актілерге қолын қойған. Сондай-ақ ол мердігердің есепшотына заңсыз төлем аударып, мемлекетке 45 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысының Орал қалалық сотының үкімімен А.Кенжебаев қызмет өкілеттігін теріс пайдаланды деген айыппен жазасын 2 жыл жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтейтін болды.