Атлант мұхиты түбінен жалпы құны 38 млн. долларды құрайтын 48 тонна күміс құймалары шығарылды

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат -Батып кеткен кемелерді зерттеу тарихындағы ең ірі көлемдегі күміс құймалар Атлант мұхитының Ирландия жағалауында су бетіне шығарылды.

Шамамен 48 тонна күміс құймаларды 4700 метрлік тереңдіктен американдық "Одисси марин эксплорейшн" компаниясы алып шыққан. Олар бұл жұмыстарын одан әрі Солтүстік Атлант мұхитында жалғастырмақ.

Қазіргі бағамен есептегенде су бетіне шығарылған күміс құймаларының жалпы құны 38 млн. долларды құрайды. Сонымен қатар су түбінде әлі де 150 млн. доллардың бағалы металы жатыр.   

Айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шамамен 220 тонна бағалы металды «Герсоппа» сауда кемесі тасымалдаған. 1941 жылы Корольдік әскери-теңіз күштерінің күзетуімен Калькуттадан Ливерпульға бағыт алған кемеде шойын, күміс және шай болған. Алайда орта жолда негізгі топтан қалып қойған кемеге немістің сүңгуір қайығы тап болып, суға батырып жіберген. Экипаждың 83 мүшесінің тек біреуі ғана тірі қалған, деп хабарлады жергілікті БАҚ.