Атлантика үстінде апатқа ұшыраған Air France компаниясының лайнері жерге жетпей қираған, деп санайды сарапшылар

БАРЗИЛИА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат - Air France компаниясының Атлантика үстінде апатқа ұшыраған лайнері ауада бөлшектеніп, суға жетпей қирауы мүмкін.

Осынау қаралы рейстің табылған жолаушыларының денелерін тексеру кезінде бразильдік патологоантомдар алған мәліметтердің негізінде ұшу қауіпсіздігі саласындағы мамандар осындай қорытындыға келіп отыр. Бразилия дәрігерлерінің мәліметтері бойынша, барлық денелерде түрлі типтегі көптеген сынық жарақаттары анықталған. Оған қоса, олардың көпшілігі парша-парша болған киімдермен немесе жалаңаш табылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press агенттігіне сілтеме жасап. Авиация мамандарының айтуынша, мұндай жағдай егер ұшақ аспанда қирап, адамдар қатты ауа ағынына ұшыраған жағдайда ғана болуы мүмкін. «Бұл үлкен жылдамдықпен келіп кірпіш қабырғаға соғысқандай әсерде. Ұшақ сынықтары мұхитқа құлаған сәтте, адамдардың барлығы көз жұмған болуы ықтимал», - деп мәлім етті американдық маман Джек Кейси. Естеріңізге сала кетейік, маусымның 1-інде Рио-де-Жанейро халықаралық әуежайынан ұшып шыққан Air France компаниясының 447-ші рейсі Парижге қонуы керек болатын. Ұшақ жерден көтерілгеннен 4 сағаттан кейін, Атлант мұхитының үстінде онымен байланыс жоғалады. Бұл апат әлемдегі соңғы 8 жылдағы және Air France компаниясының 75 жылдық тарихындағы ең үлкен апат болып отыр. Ұшақ бортында 228 адам болған. Іздеу отрядтары француздың А-330 ұшағының әзірге 50 жолаушысының денесін тапты.