Атлантикалық «Пия» дауылы Еуропаны әбігерге салды

Еуропаның атлантикалық жағалауында «Пия» дауылы қаһарына мініп тұр. Оған күшті жел мен алып толқындар қосылды, деп хабарлайды Kazinform МИР-24-ке сілтеме жасап. 

Фото: mir24.tv

Манчестер әуежайы ауа райын жіті бақылауда ұстап отыр. Айлақ тіпті ұшақтарды қабылдай алмай немесе ұшыра алмай жабылуы да мүмкін. Барлық лайнер бірінші реттен қона алмай әуре-сарсаңға түсті. 

Көбі екінші айналым жасап немесе қосымша әуе айлақтарына кетіп жатыр. 

Атлантика жағалауында кейінгі 8 жылда мұндай күшті дауыл болмаған. Дауыл екпіні кей жерлерде секундына 45 метрге жетеді. 

Әуежайлармен қатар жүздеген кеме, паром мен круиздік лайнер жолға шыға алмай тұр. Теміржол вокзалдарында пойыздар кешігіп, адамдар жиналып қалған. Католиктерде Рождество басталатындықтан тұрғындар туыстарына жетіп үлгеруге тырысады. Дегенмен дауыл салдарынан біреулер мерекені пойызда өткізуі әбден мүмкін. 

Ұлыбританияның көптеген елдімекенінде үйлердің шатыры қирап, ағаштар құлаған, көліктер бүлінген. Қалалар мен ауылдардың бір бөлігі жарықсыз қалды. 

Билік өкілдері мектептегі сабақты тоқтатуға мәжбүр болды және тұрғындарды қатты қажет болмаған жағдайда үйден шықпауға шақырады.