«Универсиада мұрасы» жобасы аясында Атлеттер ауылындағы 140 мыңнан астам тұрмыстық заттар, оргтехника, арнайы қондырғылар Алматы қаласының 500 әлеуметтік мекемелері арасында бөлінді.
«Спортшылар үшін алынған төсектер, тоңазытқыштар, кір жуатын машиналар, столдар, үтік тақталары, телевизорлар, медициналық қондырғылар,офистік техника және тағы басқа - барлығы 450-ге жуық заттар қала ауруханаларына, мектептерге, емханаларға, бала бақшаларға, колледждерге, спорт мектептеріне, жатақханаларға, ардагерлер үйіне таратылды», делінген хабарламада.
«Қала ауруханаларында бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілді, материалдық-техникалық база жақсарды, қызметкерлер ағылшын тілі курсынан өтті. Бізге қондырғы, жиһаз, оргтехника берілді. Бұлардың барлығы келген адамдарға сапалы қызмет көрсетуге көп мүмкіндік береді. Мысалы, ота жасалған сырқаттардың тез сауығуы үшін жайлы ортопедиялық матрацтар қашанда керек»,- деді Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы директорының орынбасары Гаухар Көшкімбаева.
«Қала әкімшілігі Алматыдағы ойындардан соң спорт нысандарында қалған барлық жаңа жиһаздарды, техникаларды, түрлі қондырғыларды мегаполистің әлеуметттік мекемелеріне бөліп беру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл бізге үлкен қолдау, әсіресе үйлерінен жырақта, жатақханада тұратын балалар үшін ыңғайлы», - деді Алматы мемлекеттік Энергетика және электронды технология колледжінің директоры Төлеуғали Тайтүлеев.
Универсиада нысандарын пайдалану және ұстау жөніндегі директор Сергей Апенко барлық техникаларды, жиһаздар мен қондырғыларды әлеуметтік мекемелерге тарату туралы шешімді қала басшылығының Универсиада қарсаңында қабылдағанын айтты.
«Қала әкімдігі әлеуметтік мекемелерден қандай техника, жиһаз қажеттігі жөнінде өтінім алып, арнайы тізім жасаған болатын», -деді С.Апенко.
Еске сала кетейік, Алматыда Универсиада тарихында алғаш рет 5000 мың орындық Атлеттер ауылы салынды. «Универсиада мұрасы» аясында бұл тұрғын кешені үй кезегінде тұрғандар арасында бөлінеді, соның арқасында мегаполистегі үй кезегі 10%-ға азаймақ.