Атмосфералық ағындар әсерінен ҚР аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел тұрады - 21 мамырдағы ауа райы болжамы

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық ағындар өтуімен 21 мамырда кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді.

Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасап хабарлайды.

Елдің батыс бөлігінде ғана күн ашық болады, кей жерлерде жел күшейеді.

Ақмола, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, күндіз Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді, Атырау облысында кей жерлерде шаңды дауыл көтеріледі.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі, күндіз желдің күші 15-20 м/с-ке дейін күшейеді.

Республиканың батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, шығысында және орталығында кей жерлерде өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Таяудағы тәуліктерде ҚР-ның оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы көптеген өзендерде су деңгейінің ұлғаюы байқалады, Алматы облысының тау беткейлеріндегі өзендерінде су тасқыны болуы күтіледі. Қазақстанның жазық далалы аумағындағы өзендерінде гидрологиялық режимде айтарлықтай өзгеріс болмайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР-ның екі облысында 21 су тасқыны жөнінде ескерту жарияланды. Толығырақ - мына жерде .