Атмосфераны қоқыспен ластау көлемі бойынша Қазақстан әлемде 17-ші орында - ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі

АЛМАТЫ. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мамандардың берген бағасы бойынша жыл сайын ресурстарды тиімсіз пайдалану нәтижесінде ел экономикасының жіберіп алған пайдасы жылына 4-8 млрд. долларды құрайды. Бұл туралы бүгін ҚазАқпаратқа ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров хабарлады.

«Егер біз өз әрекетімізді өзгертпесек, табиғи ресурстардың сарқылу мәселесі жайлы ойланбасақ, онда 2030 жылға қарай бұл мөлшер 14 млрд. долларға жетеді» - деді министр.

Н.Қаппаровтың сөзіне қарағанда, республикада өнеркәсіптік кәсіпорындардың әрекет ету салдарынан ауаның ластану деңгейі жоғары болып отыр.

«Атмосфераға зиянды қалдық шығару бойынша Қазақстан әлемде 17-ші орында. Ауаның негізгі ластаушыларына қатты бөлшектер, күкірт қос тотығы мен азот оксиді, сонымен қатар сынап, қорғасын, ысты газ бен диоксиндердің қоспалары жатады. Шаң, күкірт қос тотығы мен азот оксидінің аса ірі көлемде сыртқа шығарылуы Қазақстанның негізгі үш секторы: электр энергетикасы, тау-кен өндіру өнеркәсібі мен көлік саласына қатысты», - деп нақтылады министр.