Атом электр станциясының ұлттық операторы ұғымы енгізіледі

АСТАНА.KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» ҚР Заңы мен ілеспе құжаттар қабылданды.

Фото: Kazinform

Олар жөнінде Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов баяндама жасап, өзгерістерді мәлімдеді.

Заң радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы құқықтық негіздер мен қағидаттарды белгілеуге, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы негізгі заңның нормаларына сәйкестендіруге бағытталған.

– Ұсынылып отырған түзетулердің ең маңызды нәтижесі радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму жөніндегі жекелеген операцияларды реттеуден радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің бүкіл жүйесін кешенді реттеуге көшу болып табылады. Бұл радиоактивті қалдықтар объектілерін, олардың өмірлік циклін, қалдықтарды түзушілердің міндеттерін, ұлттық оператордың рөлін, қызметтің жалпы шарттарын, мемлекеттік реттеуді, есепке алу мен бақылауды, қауіпсіздікті, қаржыландыруды және ядролық мұра мәселелерін қамтиды, – деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Ілеспе заң жобасында келесі нормалар қабылданды:

• тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау режимін енгізу және оны жүзеге асыру тәртібін бекіту;
• «ядролық мұра объектілері» ұғымын енгізу;
• уәкілетті органның құзыретін нақтылау;
• атом энергиясын пайдалану объектілерінің ерекшелігін, ықтимал қауіптілік деңгейін, қауіпсіздік талаптарын және осы саладағы халықаралық тәсілдерді ескере отырып, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың арнайы тәртібін бекіту;
• «Атом электр станциясының ұлттық операторы» ұғымын енгізу.

Атом электр станциясының ұлттық операторы мемлекет жүз пайыз қатысатын, атом электр станциясын жобалауды, салуды, пайдалануды және пайдаланудан шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлға болады.

Сондай-ақ Бюджет кодексіне атом электр станциясының ұлттық операторын бюджеттік кредиттік желі нысанында бюджеттік кредиттеудің ерекшеліктерін бекітуге бағытталған түзетулер енгізілді.

Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс бойынша заң жобасына келесі нормалар енгізілді:

• Атом энергиясы жөніндегі агенттікті уран саласындағы уәкілетті орган ретінде айқындау және оған уранды барлауды реттеу жөніндегі өкілеттіктер беру;
• «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ны уран мен көмірден басқа стратегиялық ресурстарды барлауға және өндіруге лицензиялар алуға құқылы ұлттық компания ретінде айқындау;
• барлау кезеңінде тоқсан күннен астам мерзімге бұрғыланған ұңғыманы уақытша пайдалану тетігін енгізу.

Сондай-ақ заң жобаларының тұжырымдамалық бағытын өзгертпейтін редакциялық және заң техникасына қатысты нақтылаулар енгізілді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Жапония атом саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылағанын жазғанбыз.