Нені ескеру керек?
Жасанды интеллектінің дамуы, дата-орталықтардың көбеюі және электр көлігінің кең таралуы электр энергиясына сұранысты арттырып отыр. Осыған байланысты көптеген ел атом энергетикасын қайта дамытып, жаңа энергоблоктар салуға, қолданыстағы АЭС-тердің жұмыс мерзімін ұзартуға және жаңа буын реакторларын әзірлеуге кірісті.
Бұл қадамдарға электр энергиясына сұраныстың артуы, шығарындыларды азайту және энергетикалық қауіпсіздікті күшейту қажеттігі себеп болып отыр. Бұл ретте атом энергетикасы бірнеше маңызды міндетті қатар шешуге мүмкіндік беретін энергия көзі саналады.
Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушевтің айтуынша, әлемдік тәжірибе АЭС салумен шектелмеу керегін көрсетеді. Станциямен бірге диагностика және резерв жүйелері дайын болуы қажет. Мысалы, Франция 2 жыл бұрын АЭС арқылы 361,7 ТВт·сағ электр энергиясын өндіріп, жалпы электр өндірісінің шамамен үштен екісін қамтамасыз етті. Ал 2022 жылы көрсеткіштің 279 ТВт·сағ-қа дейін төмендеуі реакторларға уақтылы жөндеу жүргізудің және қажетті резервтің маңызын көрсетті.
Сондықтан Қазақстанда АЭС жобасымен қатар оған қызмет көрсететін мамандарды, жөндеу және диагностика жүйесін, сондай-ақ резервтік қуатты алдын ала дайындау маңызды.
Оңтүстік Кореяның тәжірибесі де назар аударарлық. Ел атом энергетикасын өнеркәсіптің дамуымен қатар жүргізіп, қажетті мамандар мен технологияларды қалыптастырды. Кейін бұл тәжірибе атом жобаларын шетелде іске асыруға мүмкіндік берді. Соның бірі – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Барака АЭС-і. Мұнда Оңтүстік Кореяда жасалған төрт APR1400 реакторы жұмыс істейді.
– Әрбір жоба ұлттық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталуы тиіс. Мәселен, Корей атом бағдарламасының экономикалық ықпалы МАГАТЭ-мен бірлесіп зерттелген, – деді сарапшы.
БАӘ тәжірибесі атом станциясын іске қоспай тұрып, оны басқаратын мамандар мен қажетті институттарды дайындаудың маңызын көрсетеді. Барака АЭС-інің төртінші блогы 2024 жылғы қыркүйекте коммерциялық пайдалануға берілді. Төрт блок елдегі электр энергиясына қажеттіліктің шамамен төрттен бірін қамтамасыз ете алады.
АЭС энергетикалық жүйені қалай өзгертеді?
Атом энергетикасына деген қажеттілік, ең алдымен, электр энергиясына сұраныстың өсуі мен қазіргі электр станцияларының біртіндеп ескіруімен байланысты. Сондықтан АЭС мәселесін ел экономикасының алдағы онжылдықтардағы дамуымен бірге қарастырған жөн.
– KEGOC деректеріне сәйкес, өткен жылы Қазақстанда 123,1 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндіріліп, 124,6 млрд кВт·сағ тұтынылды. Байқағанымыздай, тұтыну өндірістен жоғары болды. Бірақ энергетикалық жағдайды тек жылдық көрсеткішпен бағалау жеткіліксіз.
Электр энергиясы ең көп қажет болатын кезде сұранысты өтеуге жеткілікті қуат болуы керек. Сонымен бірге кей өңірлердегі тапшылық пен электр энергиясын бір аймақтан екіншісіне жеткізу мүмкіндігі ескерілуі тиіс, – деді Жақып Хайрушев.
Осы тұрғыдан алғанда, АЭС елдегі тұрақты электр өндіруді арттыра алады. Сарапшының есебінше, қуаты 2400 МВт станция жылына шамамен 18,9 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл 2025 жылғы елдегі электр тұтынудың шамамен 15 пайызына тең.
Алайда АЭС іске қосылғаннан кейін де электр энергиясына сұраныс өсе береді. Сонымен қатар станциялардың бір бөлігі уақыт өте келе ескіреді. Сондықтан АЭС-ті электр тапшылығын шешетін жалғыз нысан ретінде емес, елдегі бүкіл энергетикалық жүйені жаңартудың бір бөлігі ретінде қарастырған дұрыс.
Атом саласына қажетті жабдықтар өндірілуі керек
АЭС құрылысы атом өнеркәсібінің басқа бағыттарын дамытуға жол ашады. AIDA (Atomic Industry Development Association) коммерциялық емес ұйымының Атом технологиялары және қауіпсіздігі департаментінің директоры Гүлбаршын Қанағатованың айтуынша, Қазақстан атом саласына қажет жабдықтар, материалдар мен бөлшектерді өндіруді кезең-кезеңімен жолға қоюы керек.
Оған радиациялық бақылау құралдары, автоматтандыру жүйелері және басқа да технологиялық жабдықтар жатады. Алайда өнімді ел ішінде шығару жеткіліксіз. Оларды жобалайтын, сынайтын, іске қосатын және кейін қызмет көрсететін мамандар мен компаниялар да қажет.
– Жекелеген маңызды бағыт – инженерлік пен жобалау құзыреттері. Сондай-ақ ғылыми және медициналық мақсаттағы жабдықтар өндірісін дамыту әлеуеті бар. Мұның бәрі түптеп келгенде Қазақстанда әзірлеу мен өндіруден бастап, пайдалану және сервистік қызмет көрсетуге дейінгі өзіндік жеткізу тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді сарапшы.
Сондықтан өндірісті жергіліктендіруді нақты мүмкіндіктерден бастау маңызды. Алдымен Қазақстанда қазір өндіруге болатын тауарлар мен қызметтерді анықтап, кейін дамыту қажет технологияларды кезең-кезеңімен енгізу қажет.
Бұл ретте отандық кәсіпорындар атом саласының қатаң талаптарына сай болуы тиіс.
– Бұл сапа, қауіпсіздік, сертификаттау және халықаралық стандарттарға сәйкестік мәселелеріне қатысты. Екінші маңызды мәселе – кадрлық әлеует, – деп атап өтті Гүлбаршын Қанағатова.
Өндірістің дамуы ғылым мен медицинаға жаңа мүмкіндік береді. Елімізде бұл бағытта жұмыс істеп жатқан Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталық сияқты ғылыми ұйымдар бар. Ендігі міндет – олардың зерттеу базасы мен практикалық мүмкіндіктерін одан әрі күшейту.
Бұл бағытта ядролық материалдар, радиациялық технологиялар, қауіпсіздік және цифрлық модельдеу бойынша қолданбалы зерттеулерді дамытуға болады. Ал медицинада радиоизотоптар мен радиофармпрепараттар өндірісін кеңейтуге мүмкіндік бар. Осылайша атом энергетикасының дамуы электр өндірумен шектелмей, жаңа технологиялар мен жоғары қосылған құны бар өнім қалыптастыруға негіз бола алады.
Инженер, физик, энергетиктерге сұраныс артады
Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2000 жылдан бері ядролық және атом энергетикасы бойынша 4,5 мыңнан астам маман даярланған.
Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Жансейітовтің айтуынша, салаға инженерлер, физиктер, энергетиктер, радиациялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары, ғалымдар мен құрылысшылар қажет.
– Қазір тиісті мамандар Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті және басқа да жоғары оқу орындарында даярланып жатыр. Сонымен қатар Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталық студенттер мен жас мамандардың практикалық тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Бұл базаларда ядролық және радиациялық қауіпсіздік, реакторлық технологиялар, бұзбай бақылау және радиациялық мониторинг бағыттарында зерттеу жобалары мен тағылымдамалар ұйымдастырылады, – деді ол.
Маман даярлауды күшейту үшін халықаралық тәжірибеге де басымдық беріліп отыр. Биылдан бастап атом саласы қызметкерлеріне арналған «Болашақ» бағдарламасының жеке санаты енгізіліп, жыл сайын 20 стипендия бөлу жоспарланған. Олар магистратура, докторантура және кәсіби тағылымдамаларға бағытталады.
– Атом саласына кадр даярлау жөніндегі кешенді жоспар аясында кәсіби стандарттарды жаңарту, білім беру бағдарламаларын саланың қажеттіліктері мен МАГАТЭ ұсынымдарына бейімдеу, шетелдік университеттермен қос дипломды бағдарламаларды дамыту және жастарға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын күшейту көзделіп отыр, – деді Данияр Жансейітов.
Бұл жүйеде теориямен қатар практикалық дайындықтың маңызы зор. Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында жұмыс істейтін Ұлттық зерттеу ядролық университеті – Мәскеу инженерлік-физика институтының алғашқы түлектері атом саласындағы мамандар қатарын толықтырды.
Кадр даярлаудың экономикалық маңызы да бар. АЭС құрылысы мен оны пайдалану кезеңінде мыңдаған жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Атап айтқанда, Алматы облысындағы жобаны іске асыру 2030 жылға қарай шамамен 5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп жоспарланса, құрылыс-монтаж жұмыстары қызатын 2032 жылы тартылатын персонал саны 10 мыңға жуықтауы мүмкін. Станция пайдалануға берілгеннен кейін 2035 жылы тұрақты негізде 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылады деп болжанып отыр. Оның ішінде 600-ге жуық маманның жоғары білімі, 550-арнаулы орта білімі және 850 – бейінді техникалық білімі болады.
Жобаға қажетті жол, электр және су желілері, әлеуметтік нысандар сияқты инфрақұрылымның дамуы өңірге әсер етеді. Осылайша атом энергетикасының ықпалы бір станцияның қуатымен өлшенбейді. Оның айналасында жаңа жұмыс орындары, өндіріс, ғылыми зерттеулер мен мамандар даярлау жүйесі қалыптасады.
Сондықтан Қазақстан үшін атом энергетикасын дамыту – бір ғана АЭС салу емес. Бұл – энергетика, өндіріс, ғылым мен кадр даярлау бағыттарын қатар дамытуды талап ететін ұзақ мерзімді міндет.