Атом энергетикасы мен жасанды интеллект терминдері қазақ тілінде жүйеленеді

АСТАНА. KAZINFORM - Атом энергиясы жөніндегі агенттікте Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы мен қазіргі ғылымдағы салалық терминдерді жүйелеу мәселелеріне арналған «Ахмет тағылымы және салалық терминология» тақырыбында дөңгелек үстел (ой-талқы) өтті.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиын барысында жаһандану жағдайында Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық терминологияны қалыптастырудағы ғылыми-әдістемелік ұстанымдарының бүгінде өзектілігін сақтап отырғаны атап өтілді. Оның термин жасаудағы қағидаттары қазақ тілінің кәсіби және ғылыми қолданысын дамыту үшін маңызды негіз болып табылады.

Сондай-ақ атом өнеркәсібі, ядролық ғылым, қолданбалы технологиялар, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік салаларындағы терминдерді халықаралық стандарттарға және қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес жүйелеу мен біріздендіру мәселелері талқыланды.

Фото: Ато энергиясы жөніндегі агенттік

-Бұдан бөлек, цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып жатқан кезеңде пайда болып жатқан жаңа ұғымдарды қазақ тіліне аудару, оларды термин ретінде қалыптастыру және кәсіби ортада қолданысқа енгізу тәжірибесі ортаға салынды,-делінген хабарламада. 

Сондай-ақ онда жын қорытындысы бойынша салалық сөздіктерді жетілдіру, терминологиялық жұмыстарды үйлестіру және мемлекеттік қызметшілердің осы бағыттағы бастамаларын қолдау бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленді.

Осыған дейін атом саласы үшін мамандар даярлауға бағытталған Салалық кеңес құрылғаны туралы жаздық.