Заң жобасы ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды орналастыру, салу, пайдалану және пайдаланудан шығару кезінде қауіпсіздіктің қағидаттары мен негізгі талаптарын белгілеуге бағытталған.
Құжаттың мақсаты халық қауіпсіздігінің және халық денсаулығын тиімді қорғаудың тиісті деңгейін, атом энергиясын пайдалану кезінде ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету және атом энергиясын пайдалану кезінде туындайтын қатынастарды реттеу болып табылады. Бұл ретте, құжат атом энергиясы саласын реттеудегі атом энергиясын пайдаланатын мекемелерге қауіпсіздік деңгейінің талаптарын орындауға, оларды жүзеге асыруға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заң жобасы қоршаған ортаны қорғауды көздейді, яғни, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапкершілік уәкілеттілігін нақтылау арқылы қоршаған ортаны қорғаудың тиімді жолдары анықталады.
Энергетика министрі Владимир Школьниктің айтуынша, қолданыстағы «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң бұдан 15 жыл бұрын, сол кезеңдегі еліміздің атомдық тәжірибелері, ядролық технологияларды қолдану деңгейі мен атом өнеркәсібі жағдайлары есепке алына отырып, қабылданған болатын.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда медицинада, өнеркәсіп пен ғылымда қолданылатын 5 ядролық қондырғы, 4 радиоактивтік қалдықтар қоймалары, жүздеген радиациялық қондырғылар, бірнеше мың сәулелер иондайтын орындар бар. Осы жылдар аралығында, Қазақстанда атом энергиясын пайдалану жұмыстарын жүргізуге 3 мыңнан астам лицензиялар берілген. Атом энергиясын пайдалану саласында қызметтерін жүзеге асыратын ұйымдар мен кәсіпкерлік субъектілер саны да артып келеді. Сонымен қатар, Қазақстан осы уақыт аралығында атом энергиясын пайдалану саласындағы бірқатар халықаралық конвенцияларға да қосылды», - дейді В. Школьник.
Оның айтуынша, жаңа редакциядағы заң жобасын әзірлеу де осы мәселелерге байланысты туындап отыр.
Заң жобасы бойынша қауіпсіздік талаптарының аражігін ажырату мақсатында қондырғылар мен иондандырушы сәулелену көздерінің радиациялық қауіптілік санаттары белгіленеді. Құжатты қабылдау арқылы қауіпсізтікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар айқындалып, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті реттеу бөлігіндегі олқылықтар жойылатын болады. Осы арқылы атом энергетикасы саласындағы қызметтердің қауіпсіздігі арта түседі.