Атом энергиясы жөніндегі агенттік пен «Росатом» АЭС салу жөніндегі жол картасын бекітті
АСТАНА. KAZINFORM – Санкт-Петербор халықаралық экономикалық форумы аясында ҚР Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Алдымен жобаны дайындау және іске асыру кезеңдерін қамтитын индикативтік жол картасы бекітілді. Құжатта инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, EPC-шарт жасасу және жобалық құжаттаманы әзірлеу көзделген.
Сондай-ақ «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС («ҚАЭС») мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік компаниясы – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында Алматы облысының Жамбыл ауданында жобаны іске асыруға байланысты ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын айқындайтын негіздемелік келісімге қол қойылды.
Аталған стратегиялық жоба бейбіт мақсаттағы атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ел экономикасын декарбонизациялау жөніндегі стратегиялық міндеттерге қол жеткізуге бағытталған. Тараптар бұл жобаның еліміз үшін стратегиялық маңыздылығын және оны жедел іске асыру қажеттігін атап өтті.
– Қазақстанда атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумды басқару құқығын сеніп тапсырғаны үшін Қазақстан тарапына алғысымызды білдіреміз. Қазақстан – атом саласындағы біздің сенімді тарихи серіктесіміз. Сенімділігі, қауіпсіздігі және тиімділігі дәлелденген ресейлік ядролық технологиялар Қазақстан халқының игілігіне қызмет етіп, елдің энергетикалық егемендігін нығайтады деп сенеміз, - деді «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв.
Өз кезегінде ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом станциясын салу еліміздің энергетикасын орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді стратегияның бірі екенін айтты. Ол сондай-ақ қауіпсіздіктің жоғары деңгейін және өндірісті жергіліктендіруді қамтамасыз ету үшін серіктестермен тығыз әрі ашық ынтымақтастыққа сенім артатынын жеткізді.