Атом энергиясын пайдалану туралы заң жобасы халықаралық талаптарға үйлестірілген - Д. Тұрғанов

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Атом энергиясын пайдалану туралы жаңа заң жобасы халықаралық талаптарға үйлестірілген.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде аталған құжаттың таныстырылымы барысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасы бойынша Үкіметтің, уәкілетті органның атом энергиясын пайдалану саласындағы құзіреттерін белгілеу және олардың аражігін ажырату шаралары қарастырылып отыр. Сонымен бірге, құжатта атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қамтылған. Бұл ретте ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғылардың радиациялық қауіптілігі санаттарын анықтау, ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін есепке алу шаралары көзделіп отыр. Сонымен бірге, заң жобасында ядролық және радиациялық қауіпсіздікке сараптама жүргізу тәртібі, қауіпсіздік саласындағы қажетті ғылыми және техникалық зерттеулерді анықтау жұмыстары қарастырылады. Бұл қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын қолдау үшін маңызды», деді вице-министр.

Оның айтуынша, заң жобасы ядролық қызметтің қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық талаптармен үйлестірілген.

«Құжатты қабылдау қосымша қаржы шығындарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы үшін, оның ішінде инвестициялық ахуал бөлігінде келеңсіз әлеуметтік-экономикалық зардаптарға әкеп соқтырмайды», деді Д. Тұрғанов.