Атом қасіреті ядролық қаруға ие мемлекеттерге де, ондай жойқын қаруы жоқ елдерге де бірдей үлкен қауіп төндіреді-Мәжіліс депутаты К. Бұрханов
қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, тарих, саясат ғылымдарының докторы, профессор Камал Бұрханов ҚазАқпаратқа жедел түрде өз пікірін білдірді.
- Камал Низамұлы, Елбасының аталған мақаласы осы күндері қоғамда, саясаткерлер мен халықаралық сарапшылар, қайраткерлер арасында үлкен пікірталас туғызуда. Бұл мақаланың халықаралық маңыздылығы зор болып отыр. Өйткені бүгінгі таңда Адамзат баласын ядролық қауіптен қорғау жаһандық мәселеге айналуда. Енді өз пікіріңізді ортаға салсаңыз?
- Біріншіден, бұл мақала дер кезінде жазылып отыр. Әуелі «Известия» газетінде, кейін отандық басылымдарда жарық көрді. Бұл мақалаға арқау болған мәселе тек Қазақстан немесе ТМД елдері үшін ғана емес, тұтас әлем үшін маңызды. Елбасы көтерген бастама бүгінгі дүниежүзіндегі даму процестеріне өзінің әсерін тигізері сөзсіз. Өйткені бұл жерде жаһандық мәселе қозғалып отыр. Ядролық қару және одан қорғану мәселесі соңғы жылдары үлкен проблемаға айналып кетті. Қазіргі кезде бес ядролық держава бар. Ядролық қаруды таратпау жөнінде қабылданған шешімдер мен қол қойылған келісімдер бар. Ол шешімдердің іске аспай жатқанын көріп отырмыз. Нақты дерекке жүгінсек, ядролық қаруды иеленген елдердің саны азаюдың орнына, бейресми түрде жыл санап көбейіп жатыр. Соның ішінде табалдырыққа жақындаған елдердің саны 20-ға дейін жетті. Мысалы, қазір Индияда, Пәкстанда, Солтүстік Кореяда, тағы басқа мемлекеттерде бейресми түрде бар. Айталық, Ирактағы қантөгіс о басында «Ядролық қару бар ма, жоқ па?» деген мәселеден басталған еді ғой.
Елбасы өз мақаласында ядролық қару жасайтын шикізаттар және соның жартылай дайындалған қоспаларының өзі қазір екі мың тоннадан асып кеткенін жазып отыр.
Онсыз да бүгінгі таңда әлемді алаңдатып отырған жайттар аз емес. Жуырда Мәскеуде және Кизлярда болған лаңкестік әрекеттер ешкімді де бей-жай қалдырмайтыны анық. Ондай бейбіт күнгі қырғынды Құдай басқа бермесін. Әлемнің қай елінде де ондай қасіреттің болмауын тілеймін. Ал ядролық қарудың әлгіндей шикізаттары мен қоспалары лаңкестік топтардың қолына тисе, не болады?! Олардың қолдарына тиюі де ықтимал. Өйткені ядролық қарудың түр-түрі көбейіп жатыр және аумағы кеңейе түсуде. Оның бәрі ядролық қаруы жоқ көптеген елдер тарапынан түсінбеушіліктің орын алуына алып келеді, тепе-теңдік бұзылуда, демократиялық көзқарасқа нұқсан келіп жатады. Сондықтан Президентіміз жалпыәлемдік проблеманы көтеріп отыр. Яғни, атом қасіреті ядролық қаруға ие мемлекеттерге де, ондай жойқын қаруы жоқ елдерге де бірдей үлкен қауіп төндіреді. Осы мәселедегі Елбасы бастамасы әлемдік сұхбаттың арқауы болуы керек. Бұл мақалаға халықаралық деңгейде назар аударылады деп ойлаймын.
Алдағы бір айдың көлемінде Вашингтонда осы проблеманы талқылауға арналған үлкен форум болғалы тұр. Сол форумға біздің Елбасымыз қатысып, баяндама жасаса, одан әлемдік қауымдастық ұтады деген пікірдемін. Аталған мақаладағы пікірлер мен тұжырымдар Вашингтонда талқылануы тиіс және Қазақстан Президентінің бірқатар ұсыныстары күн тәртібіне шығарылып, нақты бір шешімдер жасауға негіз болып, құжаттар қабылдануға ықпал етіп жатса, жалпыәлемдік қауіпсіздікке қосылған қомақты үлес болып есептеледі.
Ядролық қауіпсіздік қашан да күрделі проблама күйінде қалып келеді. Кейбір елдер ядролық қуатты тек қана бейбіт мақсатта қолданып жүр. Ол - әрбір мемлекеттің құқығы. Жалпы, ядролық қуатты пайдалануға болмайды деген ұғым да демократияға сай болмайды. Өйткені бір қайшылықтар туындап отыр. Мәселен, ядролық қаруға ресми ие 5 мемлекет осы саланы дамытады, қуатын арттырады, сынақтар жасайды. Ал басқа елдерге «Сендер ядролық қаруға жоламаңдар!» деген шектеу қояды. Елбасы осы жайтты да мақаласында айтып отыр. Осы жерде сұрақтар пайда болады. Бұл қалай? Басқа елдерге ядролық қаруға ие болуға шектеу жасалса, онда оны қару түрінде ұстаудан өздері де бас тартуы керек. Ең болмаса, аталған елдер ядролық қару түрінде әрі қарай дамытпауға тиісті емес пе?! Немесе басқа түрін ойлап тауып, бейбіт мақсатқа пайдаланудың жолдарын ұсынуы керек. Елбасы мақаласында ол елдердің ядролық қаруды дамытып, өзгелерге шектеу қойғысы келетін мұндай әрекеттерінің демократиялық қағидаларға жатпайтынын ашық жазып, батыл ойды айтып отыр. Сондықтан бұл мақала әлемдік қауымдастықта үлкен пікірталас туғызады деп ойлаймын.
- Яғни, саясатшылар арасында үлкен пікір туғызады деп ойлайсыз ғой?
- Жай саясатшылар емес, әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлері, беделді мемлекет басшылары осы мәселе төңірегінде ой қозғайды деген болжамым бар. Өйткені бұл тұтас Жер шарының қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Көріп отырсыз, қазір Иран проблемасы сөз болуда. «Зымырандар алып барып жатыр» деген секілді айыптар тағылуда. Бейбіт мақсатта атом электр стансасын құру әрбір елдің өз құқығы, ішкі жұмысы. Қауіпсіздігіне кепілдік берсе, барлық міндетті мойнына алып, электр жарығын тұтынушылардың қатары күн санап өсіп бара жатқан жаңа ғасырда атомдық қуат көздерін пайдалануға қол жеткізсе, оның несі айып?! Осы мәселелерді әлемдік деңгейде шешпесе, әлгіндей айыптауларға нүкте қойылмайды, жеделдете қарулануға ұмтылыс жасауға деген пиғыл да тоқтамайды.
Айталық, Пәкстанда ядролық қару бар, оны ешкім де жасырып отырған жоқ. Сол төңіректе қаншама лаңкестік топтар бар? Неше түрлі экстремистік ұстанымдарға бой алдырған ұйымдар да аз емес. Олар халықты үрейлендіріп отыр. Ал Пәкстанның ядролық қаруы жөнді бақылауда ма, әлде әлгіндей аласапыран қоғамда бір лаңкестердің қолына өтіп кетпей ме? Бұл да үлкен әлемдік қауіп.
Елбасы мақаласы көптеген азамттардың қызығушылығын тудырып, нақты пікірлерін білдіруіне әсер етеді деген ойдамын. Сонымен қатар саясаттанушылар да ғалым, сарапшы ретінде пікірлерін айтуы керек. Ал бірақ мақаланың негізгі ой-пікірі мен ұстанымдарын ядролық қаруға ресми ие болып отырған мемлекеттердің саяси қайраткерлері оқып, ойлануы тиіс секілді. Сонымен қатар бүгінгі таңда әлемдік экономикаға өз ықпалын тигізіп отырған Жапония, Бразилия секілді өте бай мемлекетер де ойлануы керек деп есептеймін.
- Өз ойларыңызды ортаға салғаныңызға рақмет.