Атом саласы үшін мамандар даярлауға бағытталған Салалық кеңес құрылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда атом саласындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі Салалық кеңес құрылды, деп хабарлайды Атом энергиясы жөніндегі агенттік.

Фото: washingtontimes.com

Жаңа сараптамалық алаң мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Кәсіптік біліктіліктер жөніндегі ұлттық органның, салалық жұмыс беруші ұйымдардың, сондай-ақ атом саласына кадр даярлайтын жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктірді.

– Салалық кеңестің негізгі мақсаты – атом саласындағы кәсіптік біліктіліктерді дамыту жөніндегі жұмысты үйлестіру. Кеңес салалық біліктілік шеңберлерін қарап, бекітеді, кәсіптік стандарттарды және кәсіптер тізілімін өзектендіру жөніндегі ұсыныстарды келіседі, сондай-ақ кәсіптік біліктіліктерді тану тәсілдерін айқындайды, – делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, Салалық кеңестің құрылуы атом саласы үшін кадрлар даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам саналады.

Кеңес жұмысы мемлекет, білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға, білім беру бағдарламаларын саланың қазіргі қажеттіліктеріне сәйкестендіруге және мамандар даярлау сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар бұл бастама Қазақстанның атом саласын тұрақты дамытуға қажетті кадрлық әлеует қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, Қазақстан–Қытай келіссөзінде атом энергетикасы бойынша жаңа бағыттар айқындалды.