Атом саласы жалақысы ең жоғары мамандықтардың біріне айналады

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан алдағы уақытта 3 бірдей атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. 

Жауаптылар атом саласын жалақысы жоғары мамандыққа айналдыруды жоспарлап отырғандарын айтады. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің маманы хабарлады.

— Бұл Қазақстанға жаңа келген сала емес. Бұл бағытта 60 жылдан аса тәжірибеміз бар. Атом саласында қызмет ететін 20 мыңға жуық маманның арасында техникалық та, басқару персоналдары да бар. Ал бұл салада жалақы мөлшері үлкен диапазонда. Тіпті орташа есеппен алсақ та еліміздегі орташа жалақыдан көп. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 3 АЭС салынбақ. Оған қазақстандық мамандар қажет болады. Ол мамандарды да өзіміз дайындаймыз. Және бұл саланы еліміздегі жалақысы жоғары салалардың біріне айналдыруды жоспарлап отырмыз, — дейді Қазақстандық даму департаментінің басшысы Данияр Жансейітов.

Айта кетейік, бұған дейін Kazinform тілшісі атом саласының маманымен тілдесіп, жұмысымен танысқан еді.