Ең бастысы, орналасатын жері мен қауіпсіздігіне қатысты шараларды түпкілікті терең талқылау керек. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан IV Астаналық Экономикалық форумы барысындағы 2012 жылғы «РИО 20» тұрақты даму жөніндегі бүкіләлімдік саммит үшін жаһандық энергия-экологиялық стратегияны құру жөніндегі панельдік сессия бойынша баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының президенті Нұртай Әбіқаев осылай мәлім етті.
«Қазақстанда Атом стансасын салу туралы мәселе көтерілгеніне біраз жылдың жүзі болды. Бір кездері депуатттық корпустың қарсылығына орай, мәселе кейінге шегерілген еді. Одан кейін жақындағы Жапония қасіретіне дейін де біздің нақты жоспарларымыз болған. Дегенмен, менің ойымша, бұны кейінге ысырудың немесе шегіндіре берудің еш қажеттілігі жоқ», - деді Н. Әбіқаев.
Оның айтуынша, Атом электр стансасына қатысты басты мәселе - оны қайда салу және ондағы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қалай қамтамасыз етуге қатысты болып отыр. «Мәселен, бұған дейін Ақтауға саламыз деп келдік. Кейін ол өңірге дұрысы мұнай мен газ негізінде салу керектігі айқындалды. Ал ең алғашқы таңдалған өңір Балқаштың маңы еді. Жалпы, бұндағы мәселе туралы айтатын болсам, мен атом энергиясынан бас тартуға болмайды деп санаймын. Негізгісі осы бойынша жан-жақты талқылаулар болып, жобаның орналасатын жеріне, оның қауіпсіздігіне көбірек алаңдау керек», - деді Н. Әбіқаев.