АТОМ жобасы Базельде таныстырылды, алда - Женева
Швейцария үкіметінің өкілдері және Базель Кантаны, дипломаттар, әр елдің белсенділері мен сарапшыларының қатысуымен өткен тұсаукесер аясында Қазақстан Президентінің осы жаңа бастамасы туралы жан-жақты ақпараттар ұсынылды. Сонымен бірге «Менің сіздерді құшақтайтын жүрегім ғана бар: Кәріпбек Күйіков шығармашылығы» атты сурет көрмесінен бірнеше жұмыстар назарға ұсынылды.
Базель қаласындағы Бейбітшілік кеңсесінің ашылуы мен ядролық қаруды қолданудың гуманитарлық зардаптарының алдын алуға арналған симпозиум шеңберінде өткен тұсаукесерде «Назарбаев орталығы» директорының орынбасары Роман Василенко мен К.Күйіков сөз сөйледі.
«Қазіргі таңда әлемде Қазақстанның ядролық қарусыздану мен ядролық қауіпті қысқарту процесіне қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен мойындалған. 1991 жылы Президент Назарбаев өзінің Жарлығымен Семейдегі әлемнің ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірін біржола жапқаны белгілі. Кейінірек еліміз өз еркімен қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ракеталық-ядро арсеналынан бас тартты», - деді Р. Василенко.
«2012 жылдың 29 тамызында Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде Президент Назарбаевтың атап өткеніндей, «ядролық қарусыз әлем - бұл біздің ортақ мақсатымыз әрі адамзат осыған ұмтылуы керек. Тек бірлесе әрекеттенгенде ғана біз өз әлемімізді қауіпсіз әрі жақсы ете аламыз. Бүгін мен Президент Назарбаевтың халықаралық АТОМ Жобасын іске қосу туралы бастамасының өзектілігін ерекше атап өткім келеді. Бұл Жобаны өзінің басым міндеттерінің қатарына жаһандық таратпау мен қарусыздануды қоятын «Назарбаев орталығы» жүзеге асырады», - деп атап өтті «Назарбаев орталығы» директорының орынбасары.
«Мен көптеген ауруларды да, аналардың қайғысын да көп көрдім, ядролық қаруға қарсы қозғалыс менің барлық кездегі белсенді қызметіме айналды. Ата-анамның достарының отбасында он бала туылды, олардың әрқайсылары радиациядан жәбір көрген еді, бірақ ата-аналары дүниеге келетін келесі сәбидің міндетті түрде дені сау болатындығына үміттенетін. Оладың үміттері ақталмады - бірінен кейін бірі, барлық он бала да шетінеп кетті. Бұл қайғыны көтере алмай, ақыры ана да бұл дүниеден өтті. Әке де қайтыс болды. Осындай адамдардың ауыр тағдырлары мені өмір сүруге және әрекет етуге итермеледі. Мен мұндай жағдай қайталанбау үшін бар күшімді жұмсауға ант еттім», - деді өз сөзінде К.Күйіков.
«Семей қаласының тұрғындары Президент Назарбаевтың полигонды жапқанына аса разы болды, сынақтардың тоқтауы мен ешқашан қайталанбайтынына сенемін. АТОМ Жобасының мақсаты - басқа елдерді бізден үлгі алып қарусыздануға және әлемдік бірлестікке қарай бастауға үндеу, әлемді өзімізден кейінгілерге қалдыратынымызды ойлайтын кез келді», - деп аяқтады Күйіков.
Шарада қатысушы-спикерлердің арасында «Ядролық таратпау және қарусыздану парламентариясы (ПЯНР)» жаһандық ұйымының координаторы Алин Варе, Швейцария үкiметiнiң өкілі Хелена Мясникович, World Future Councilдiң президентi (Ұлыбритания) Роб ван Риет, ПНЯР Франциядағы өкілі Жан-Мари Колли, Universal Models for Peaceнiң халықаралық ұйымының негiзін қалаушының бірі (АҚШ) Сара Хирч болды. Олардың бәрі де қатысушыларға сөзін арнап, АТОМ Жобасын қостап, ядролық қарудан еркін әлемді қолдауға шақырды.
«Мен Қазақстан халқының ядролық сынақтан зардап шеккен ауыр халін сезінемін. Кәріпбек, Сіз - жәбірленуші емессіз, Сіз - ядролық қарудың қаншалықты қорқынышты екенін біздің зердемізге жеткізе білген батырсыз. Сол үшін де Сізге рахмет»,- деді А.Варе.
«Қазақстанда бір кездерде болған ядролық қарудың қорқыныштары ғана емес, сонымен қатар, онда бейбітшілікті нығайту мен дамытудың үлкен мүмкіндіктері де бар. Өзім - қазақстандық түрлі ұлттар мен түрлі діндердің ынтымағының куәгерімін. Осының барлығы бізге ядролық қарудан еркін әлемнің үмітін сыйлайды»,- деп сөзін аяқтады ол.
Өз кезегінде, баяндамасында Хелена Мясникович былай деп атап өтті: «Хиросимо мен Нагасакиде, сондай-ақ Қазақстанда тұрғындар ядролық жан түршігерлік жарылыстың гуманитарлық зардаптарын көре алды. Швейцария - ядросыз кішкентай ғана ел, бірақ біз ол қаруларға иелік ететін елдердің одан бас тартуын қалаймыз. Осындағы барлық қатысушылар - саясаткерлер, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар, АТОМ Жобасын табыстарымен құттықтап, олардың бастамасын қостаймыз».
World Future Councilдiң ұйымының жетекшісі Роб ван Риет бірлескен халықаралық күштердің маңыздылығына айрықша тоқталды: «Маған биылғы тамызда Астанада болып, «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияға қатысудың сәті түсті. Мен барлық конференцияның қатысушылары - елдердің парламентшілері Қазақстанның бастамасына қалай таңданғанын көрдiм. Конференциядан қайтарда ядросыз әлемді дамыту үшін барынша ұмтылыс жасайтын болып тарқастық. Бұл - ядролық қарусыздану және таратпау бойынша Қазақстанның дер кезіндегі бастамасының қаншалықты маңызды екендігінің нақты мысалы».
Әлемде АТОМ Жобасын әсіресе, әлеуметтiк желiлер арқылы дамытуға Базель тұрғындарының Жобаның онлайн петициясына қол қоюы туралы промо-ролик жасаған Universal Models for Peace үкiметтiк емес ұйымы да қосылды. Мұндай роликтер Кәріпбек Күйiков көрмесі мен АТОМ Жобасының тұсаукесері өтетін барлық қалаларда дайындалады.
2012 жылдың тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы үлкен халықаралық парламенттік конференцияда сөз сөйлеп, ядролық қаруға сынақ жүргізуге толық тыйым салатын, соңында ядролық қаруды жоятын жаһандық қоғамдық қолдауға қол жеткізу мақсатындағы АТОМ Жобасын жариялағаны белгілі. АТОМ Жобасы - 21 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жаһандық ядролық қарусыздануға қол жеткізудің іс-әрекеттері мен ұстанымының дәстүрін жалғастырған Президент Назарбаевтың жаңа бастамасы.
«Біздің ядролық сынақ жүргізудің қасіретті салдары туралы әлемнің есіне тағы бір рет түсіруге және әлемдік қауымдастықты осындай сынақтарға түгелдей еш кедергісіз тыйым салуға қол жеткізудегі шешімді әрекеттерге баруға жетелейтін мүмкіндігіміз бар», - деді Президент БҰҰ Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні болып белгіленген күні өткізілген Астанадағы АТОМ Жобасын іске қосқанын жариялаған 2012 жылғы 29 тамыздағы конференцияда.
«Жоба аясында Жер бетіндегі кез келген адам ядролық қаруға қарсы әлемдегі басшылардың бәрін ядролық қаруға сынақ жүргізуді мәңгілік тоқтатуға және Ядролық сынақтарға тыйым салудың Жалпыға ортақ Шартының жылдамырақ күшіне енуін қамтамасыз етуге шақыратын онлайн петицияға қол қоя алады. Мен конференцияның барлық қатысушылары мен барлық адамдарды АТОМ Жобасын ерікті түрде қолдап, ядролық қарусыз әлем құруды біздің басты мақсатымызға айналдыруға шақырамын», - деп қорытындылады Президент.
2012 жылдың 23 қаңтарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен гуманитарлық өзара іс-қимылдар мен озық ғылыми зерттеулер, білім беру бағдарламалары, сондай-ақ ағартушылық бастамалары негізіндегі даму мен бейбітшілікті нығайту мақсатын ұстанатын жетекші президенттік орталықтардың бірі болу міндеті жүктелген «Назарбаев орталығының» негізі салынды. Орталық Қазақстанның елордасы -Астанада орналасқан.
Кәріпбек Күйіков - Қарағанды қаласыныңн тұрғыны суретші. Семей полигонындағы ядролық қаруға жүргізілген сынақтардан зардап шеккен көптеген жандардың бірі. Ол 1968 жылы Қарағанды облысына қарасты ядролық полигоннан бар болғаны 90 шақырым қашықтықта орналасқан Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Ядролық сәулелену әсерінің салдарынан К.Күйіков өмірге екі қолсыз келген.
Бүгінде ол ядролық қаруды таратпаудың белсенді жақтаушысы ретінде жұмысын жалғастырып, әлемдік көшбасшыларды ядролық қаруды сынауға тұтастай тыйым салып, ядролық қаруды таратпау туралы адамзаттың көп жылғы арманына қол жеткізуге шақыруға кірісті.
АТОМ Жобасы мен жоба аясындағы Кәріпбек Күйіков еңбектері көрмесінің тұсаукесері 2012 жылдың қазан айында Нидерландының Гаага қаласындағы Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі Ұйымында сәтті өткізілді. 19 қарашада Женевада «Назарбаев орталығы» мен АТОМ Жобасының тұсаукесері БҰҰ Женева бөлімінің Бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Назарбаев орталығы» директоры Қанат Саудабаевтың қатысуымен өтті.
Сондай-ақ АТОМ Жобасының тұсаукесері мен көрме 2012 жылдың желтоқсан айында Вашингтон қаласында (АҚШ) өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Толығырақ ақпарат алу үшін АТОМ Жобасының сайтына кіріңіз: www.TheATOMProject.org