АТОМ жобасы Вашингтонда екі көрменің тұсауын кеседі

None
 АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат -  10-12 желтоқсан күндері Вашингтонда «Бейбітшілік сабағы: Қазақстандағы кеңестік ядролық бағдарламаны бөлшектеу тарихы» фотокөрмесі және «Менің сіздерді құшақтайтын жүрегім ғана бар: Кәріпбек Күйіков шығармашылығы» көрмесі өтеді.

2012 жылдың тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы үлкен халықаралық парламенттік конференцияда сөз сөйлеп, ядролық қаруға сынақ жүргізуге толық тыйым салатын, соңында ядролық қаруды жоятын жаһандық қоғамдық қолдауға қол жеткізу мақсатындағы АТОМ Жобасын жариялады. АТОМ Жобасы - 21 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жаһандық ядролық қарусыздануға қол жеткізудің іс-әрекеттері мен ұстанымының дәстүрін жалғастырған Президент Назарбаевтың жаңа бастамасы.

Қазақстан Президенті 2012 жылғы 29 тамызда жариялаған АТОМ Жобасы - ядролық қаруды сынауға толық тыйым салуға қол жеткізу мақсатындағы жаһандық қоғамдық күштерді біріктіруге бағытталған халықаралық кампания.

Вашингтондағы АТОМ Жобасы аясында өткізілетін осы екі көрме Қазақстанның қарусыздандыру тарихына арналған. «Бейбітшілік сабағы» фотокөрмесі Қазақстанның  қарусыздандыру тарихын көрсетуге арналған, сонымен қатар, «Менің сіздерді құшақтайтын жүрегім ғана бар» атты сурет көрмесі Кәріпбек Күйіковтің шығармашылығын көрсетеді. Осының алдындағы көрмелердің тұсаукесерлері Щвейцарияның Женева қаласында БҰҰ Ұлттар Сарайының Көрме залында және Нидерландының Гаага қаласындағы Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі Ұйымында сәтті өткізілген болатын.

«Біз, ең алдымен, АТОМ Жобасы аясындағы оның білім берушілік, ағартушылық күші және ядролық қаруға сынақ жүргізуге қарсы петиция шеңберінде қол жинайтын халықаралық кампания арқылы іске қосылатын қоғамдық қолдауы қаншалықты күшті болса, белсенділер мен парламентарийлер, үкіметтік емес ұйымдардың қосымша қолдау күшін тартуға соншалықты мүмкіндігі үлкен болатынына сенімдіміз. Нәтижесінде бұл ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу мақсатындағы жетекші елдердің көшбасшыларына ықпал етуге көмектеседі. Мен осындағы және әлемдегі барлық ерікті адамдарды АТОМ Жобасын қолдауға, сөйтіп жарқын болашақтың игілігі үшін ядролық қарудан азат әлемді құруды біздің ең басты мақсатымызға айналдыруға шақырамын», - деді «Назарбаев орталығы» директорының орынбасары Роман Василенко.

Кәріпбек Күйіков - Қазақстанның Қарағанды қаласында жұмыс істейтін суретші. Семей полигонындағы ядролық қаруға жүргізілген сынақтардан зардап шеккен көптеген жандардың бірі. Ол 1968 жылы Қарағанды облысына қарасты ядролық полигоннан бар болғаны 90 шақырым қашықтықта орналасқан Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Ядролық сәулелену әсерінің салдарынан К.Күйіков өмірге екі қолсыз келген.