Сол басым бағыттың бірі - сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту. Осыған орай құқық қорғау және арнаулы құрылымдарды сапалы кадрлық жаңартуға қатысты биылғы жылдың соңына дейін барлық жеке құрамды аттестаттаудан өткізу міндеттеліп отыр. Бұл жөнінде Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шадияр Айтқалиев өз ойын былайша білдірді.
Оның айтуынша, Елбасы Жарлығына сәйкес кадр біліктілігін арттыру барысында жеке құрамды жаңартып-жаңғыртуға қатысты әрбір құқық қорғау қызметкері психологиялық-моральдық тұрақтылықпен қатар, дене шынықтыру дайындығы, заңнамаларды, қызметтік ережелерді, ішкі істер министрлігінің бұйрықтарын білуге, оларды кәсіби тұрғыда орындауға міндетті. Осыған орай Орал қалалық ішкі істер басқармасында алдағы ат-
тестаттауға тыңғылықты дайындық жүргізілуде. Басқарма бойынша аттестаттауға бала күтімі кезіндегі демалыстағы, шетелде қызмет бабымен оқудағы және еңбек жолы бір жылға толмаған қызметкерлерден басқа түгел дерлік жеке құрам қатысады.
Аттестаттау өз кезегінде құқық қорғау қызметкерлерінің сапасын арттырып, білімі мен кәсіби біліктілігін анықтайтын болады. Құқық қорғау қызметкері биік адамгершілік пен кәсіби біліктілікті ұштастыра білсе, сыбайлас жемқорлыққа, тәртіп бұзушылыққа, қызмет бабын асыра пайдалануға жол бермесі анық.
Мемлекет басшысы «Парақорларды анықтау және оларды сотқа тарту жеткіліксіз, сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасау - бүгінгі күннің кезек күттірмейтін талабы мен қажеттілігі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында жаңа құқықтық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану керек» деген болатын. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің кірістері ғана емес, шығыстарына да қатысты мағлұмдауға көшу керектігі туралы Үкіметке тапсырма берді. Осыған орай Орал қалалық ІІБ қызметкерлері арасында жеке құрамның кірістері мен меншігіне қатысты мағлұмдама алынды. Бұл - өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның алдын алудың бір тетігі.
«Аттестаттау, сайып келгенде, сандық көрсеткіш емес, жұмыс сапасы болып табылады. Қазақстан полициясының 20 жылдығы қарсаңында аттестаттау біліктілігімізді бағалап қана қоймай, халықтың полиция қызметкерлеріне деген оң көзқарасын қалыптастырып, халықаралық талаптарға сай жаңа жүйеге көшетініне сенеміз», деді Ш.Айтқалиев.