Тест: кім тапсырады, кімге қажет емес?
Жауапты министрлік ұсынған аттестаттау жүйесінің басты ерекшелігі, енді мұғалімдер пәндік біліктілік тестін тапсырмайды. Бұған дейін мамандар біліктілік санат алу үшін емтиханнан өтіп әбігерге түсетін. Талабы қатаңдады ма, жүйеде кемшілік бар ма, кім білсін, әйтеуір екінің бірі тестіден өте бермейтін.
Енді, міне, осы күрмеу біржола шешіліп отыр. Демек алдағы уақытта біліктілік санатын алатын ұстаздар көбейе түсетін секілді.
Қоғамның жаңалыққа қатысты пікірі әрқилы. Мысалы, білім беру саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы пәндік біліктілік тестін жоюға қарсы. Оның айтуынша, мұғалім өзі сабақ беретін пәнді толық меңгеруі қажет әрі кез келген тесті шеше алуы маңызды.
— Мұғалімдердің өз пәнінен тест тапсыруға қарсы шығуын және аталған әдісті қиындық көруін түсіне де, қабылдай да алмаймын. Өз пәнінен тест тапсыра алмаса, оның несі мұғалім? Өз пәнін білмеген мұғалім қалай сабақ береді?
Есіңізде болса, биыл қаңтарда оқу-ағарту министрі «52,6% мұғалім пәні бойынша тестіден өте алмады» деген еді. Сондай мәселе бола тұра тесті алып тастай салу ақылға қонымсыз. Бұл — ізденісті өлтіру, кәсіби дамуды тұншықтыру, — деп ашына сөйледі сарапшы.
Ал оқу-ағарту министрлігі қоғамдық кеңесінің төралқа мүшесі Өмір Шыныбекұлының пікірінше, пәндік тесті алып тастау орынды. Себебі соңғы жылдары тестілеу сатысында сыбайлас жемқорлық фактісі байқала бастаған. Егер емтихан тапсыру міндеті қойылмаса, ашықтықты анағұрлым қамтамасыз етуге болады — мұғалімге де, қоғамға да жеңіл.
— Кейінгі уақытта аттестаттаудан қанша мұғалім өте алмай қалғаны туралы мәлімет жүр. Мұны ұстаздың білім сапасының көрсеткіші дегенге күмәнмен қараймын. Мүмкін, салада сыбайлас жемқорлық фактісі бар шығар. Ел арасында тестілеу мен шығармашылық жұмысты «сатып алуға болады» деген сыбыс бар. Бұл бір жағынан шындыққа жанасады. Сондықтан пәндік емтиханды алып тастау әділ бағалауға мүмкіндік береді, — дейді Өмір Шыныбекұлы.
Спикер аттестаттау кезіндегі заңсыздықты әшкерелеуге және оның құқықтық жазасын нақтылауға басымдық беру қажет деп санайды. Онсыз кез келген реформа аяқсыз қалуы ықтимал.
Осы орайда заңды сауал туындайды: бұл жаңалық жарияланғанша тестілеуден өтуді бастап қойғандар қайтпек? Олардың тестілеу нәтижесі жойыла ма?
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сөзіне сенсек, биыл аттесттау тестін бастағандар ескі жүйе бойынша қорытындылайды, еш шектеу жоқ. Мысалы, бұған дейін 51 мың педагог тапсырып, шекті балын жинаған. Олар бүкіл портфолиосын жинақтап, аттестациядағы қазір көрсетіліп тұрған кезеңдерді тапсырады. Өткендері қыркүйектен бастап қосымша үстемеақысын алады.
Алғашқы тестілеуде шекті деңгейге жете алмаған, бірақ талаптарға сай портфолиосы бар педагогтерге шілде айында тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Қайта тестілеу қорытындысы бойынша да шекті балл жинай алмаған жағдайда тиісті біліктілік санаты берілмейді.
Сонымен бірге қайта тестілеуден өтуді қаламайтын педагогтер биылғы қыркүйектен бастап пилоттық режимде іске асырылатын жаңа модель аясында аттестаттауға қатыса алады.
Айта кетейік, пәндік тестен педагогтер босатылды дедік, алайда педагог мамандығына енді қадам басып жатқан университет түлектеріне мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Олар пәндік біліктілік тестін тапсырады. Оған қоса жас мамандар бұл тестіден екі жылдан кейін қайтадан өтуі тиіс.
— Осы жаңа ұстаздар екі жылдан кейін педагог-модератор біліктілік деңгейіне, яғни аттестацияға қадам басқанда, педагог біліктілігінің тестін тапсырады. Басқа жағдайда категорияға, аттестацияға тапсыратын бірде-бір ұстаз бұл тестілеуден өтуге міндеттелмейді. Педагог біліктілігі тестінің аттестацияға ешқандай байланысы болмайды, — деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар пәндік тест басшылық лауазымдағы азаматтарға да міндетті талап күйінде қалмақ.
Жүктеме азаяды
Жаңа ережеде педагогтер үшін бірқатар қосымша міндет алынып тасталды: эссе жазу, ғылыми мақалалар жариялау, авторлық бағдарлама әзірлеу, оқу-әдістемелік материалдар дайындау міндетті талап қатарынан шығарылған.
Әсіресе мұғалімдер ғылыми мақаланың талап етілмейтініне қуанып отыр. Себебі көптеген салалық басылым мұғалімдердің мақаласын ақылы негізде жариялайды, тіпті мұны кәсіп көзіне айналдырғандар бар. Бұл бір жағынан, ұстаздың қалтасын қақса, екінші жағынан, білім беруге жұмсауы қажет уақытын алады.
Өмір Шыныбекұлының пайымдауынша, бәрінен бұрын ғылыми жұмыстың ережеден алынғаны дұрыс. Өйткені, мұғалім — ғылыми қызметкер емес, педагог.
– Бұрын авторлық бағдарламаға қарсы шыққан болатынмын. Авторлық бағдарлама кішігірім ғылыми жұмыс қой. Ал ғылыми жұмыс кез келген мұғалімнің қолынан келе бермейді. Оған терең ізденіс, бос уақыт, тыңғылықты дайындық қажет. Күннің басым бөлігін баламен өткізетін мұғалімде ондай мүмкіндік бола қоюы екіталай. Сондықтан ғылыми мақаланы алып тастау — жөн қадам, — дейді сарапшы.
Аятжан Ахметжанұлының сөзінше, эссе жазу, ғылыми мақалалар жариялау, авторлық бағдарлама әзірлеу, оқу-әдістемелік материалдар дайындау секілді жұмыстар білім сапасының ажырамас бөлшегі саналады. Демек, оны түбегейлі қолданыстан шығару сапаға әсер етпей қоймайды.
— Бұл талаптарды ең жоғары «педагог-шеберлер» санатына үміткерлер үшін қалдыруы қажет деп ойлаймын. Оқушы мен мұғалім жетістігі және оның шығармашылығы ең жоғары санат «педагог-шебер» үшін жан-жақты қаралуы керек. Мұның бәрі жеке оқыту сапасын арттырмағанымен, еліміздің оқу-әдістемелік базасының қалыптасуына пайдасын тигізеді. Бізде әдістемелік база қалыптаспаса, өмір бойы тек жұрттан көшіретін, аудармаға сүйенген жүйе қалыптасады. Ол ешқашан озық нәтижеге жеткізбейді, — деп қосты сала маманы.
Ашық сабақ, практикалық жұмыс: мұғалім деңгейінің көрсеткіші
Жаңа модельде біліктілік санаттары бойынша ашық сабақтар саны мен біліктілікті арттыру сағаттарының көлемі қысқарған. Бастысы, педагогтің практикалық жұмыс нәтижесі, жобаларға қатысуы, тәрбие жұмысы ескеріледі. Сондай-ақ кәсіби тәжірибесін таратуы да есепке алынатын болады.
Вице-министр Шынар Ақпарованың айтуынша, жаңартылған тәсіл мұғалімнің жұмысын тек академиялық көрсеткіштермен емес, ең алдымен оқушының тұлғалық дамуына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланбақ.
— Педагог-модератор санатына қойылатын талаптар қайта қаралады. Бұрын жыл сайын 5 ашық сабақ өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезеңі ішінде 4 сабақ өткізу жеткілікті. Сонымен қатар біліктілікті арттыру курстарының көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылады, — деді вице-министр.
Демек аттестаттау кезінде педагогтің мектеп ішіндегі жобалары, шығармашылық топтарға қатысуы басты бағалау талабына айналады. Сынып сағаттары мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізуі де ескерілетін болады.
Вице-министрдің мәліметінше, «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» және «педагог-шебер» санаттарына да осыған ұқсас өзгерістер енгізілмек.
Байқасақ, министрлік педагогтерді бағалауда тек практикалық үлгіге бет бұрып бара жатқандай. Әрине, жаңа жүйеде мұның бәрі жақсы көрінетіні сөзсіз. Алайда кей сарапшы жауапты орган нақты жағдайды ескермей отыр деп санайды. Соның ішінде кадр тапшылығы мен үміткер көлемі назарға алынбады деген пікір бар.
Неліктен? Мәселен, қазір орта білім беру жүйесінде біліктілік санаттары бойынша 104 999 — «педагог», 126 688 — «педагог-модератор», 95 438 — «педагог-сарапшы», 82 632 — «педагог-зерттеуші», 2 973 — «педагог-шебер» еңбек етеді. Енді осы педагогтер келесі санатқа өтуге өтінім берді делік.
«Педегог-шебер» санатын есепке алмасақ, қалғанына өтінімді өңірлік білім басқармалары мен білім бөлімдері қабылдайды. Ондағы аттестаттау комиссиясы жыл бойы өтінім берген мыңдаған адамның әрбірінің кемінде 4 ашық сабағына қатысуы шарт, бұл дегеніңіз — 4 мың сағаттан асады. Қарапайым есеппен салсақ, ондаған комиссия мүшесі мұнша көлемді еңсеруі мүмкін емес.
Сол себепті аттестаттау кезіндегі қосымша бағалау тәсілдерін қалдыруды қалайтындар көп.
Оқу-ағарту министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің төралқа мүшесі Өмір Шыныбекұлы әлі де ұсыныс-пікір айту қажет деп санайды. Өйткені министрліктің ұсынысы - түпкілікті шешім емес, талқыға уақыт бар.
— Қазір аттестаттаудың жаңа жобасы әзірленіп жатыр. Маусым айында Оқу-ағарту министрлігінің отырысында тағы талқылайтын болдық. Бірнеше кеңестен кейін, яғни 1 қыркүйекке дейін жоба толық әзір болады, — дейді сарапшы.
«Ұстаз» платформасы
Алдағы уақытта ұстаздардың қағаз түрінде портфолио жинау үрдісі жойылып, жүйе толық электронды форматқа көшіріледі. Бұдан былай біліктілік санаттары бойынша аттестаттау да «Ұстаз» платформасы арқылы ұйымдастырылмақ. Платформада мұғалімге қатысты мәліметтер бірнеше мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде алынады. Қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен кәсіби жетістіктері бір жүйеге жинақталып, қағазбастылық толықтай жойылуы мүмкін.
Бүгінде педагогтер платформаны тиімді пайдаланып келеді. Өткен жылы автоматтандырылған жүйеде тек «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» біліктілік санаттары бойынша аттестаттау жүргізілген еді. Алдағы уақытта өзге де санаттарды осы платформада бағалау жоспарланған. Мысалы, жыл ішінде «Ұстаз» арқылы 93,1 мың педагог біліктілік санаттарына өтініш беріп үлгеріпті.
Педагогтердің біліктілік санатын алуға ұмтылуы - тек талаптан туындаған қадам емес. Мемлекет әр санатқа қарай ұстазға қосымша ақы төлейді. Мысалы, «педагог-шебер» — лауазымдық жалақысының 50%-ын, «педагог-зерттеуші» — 40%, «педагог-сарапшы» — 35%, ал «педагог-модератор» — 30% көлемінде алады.