Аттестаттаудың аралық қорытындысы: үш облыстың 35 полицейінің лауазымдары төмендетіледі

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Бүгінгі уақытта елімізде ішкі істер органдарында қызметкерлерді кезектен  тыс аттестаттаудың екінші кезеңі жалғасуда.

17-23 шілде аралығында аттестаттаудан Астана қаласы, Қостанай, Павлодар және Солтүстік-Қазақстан облыстарының ішкі істер органдары мен ІІМ қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері өтті.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астана қаласы бойынша 87 қызметкер аттестаттаудан өтті. 2 қызметкер жоғары тұрған лауазымға ұсынылды, 67 қызметкер өз лауазымдарына сәйкес келетіндіктерін көрсетсе, 11 қызметкер лауазымынан төмендетілді, 6-ауы басқа қызметке ауыстырылып, 1 қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылды.

Қостанай облысы бойынша 136 қызметкер аттестаттаудан өтті, оның 7-уі жоғары тұрған лауазымға ұсынылды, 93 қызметкер лауазымына сәйкес, ал 14 қызметкер лауазымынан төмендетіліп, 11-іне басқа қызметке ауысу ұсынылды, сондай-ақ 11 қызметкер ІІО-нан қызметтен шығарылды.

ІІД-дегі 3 басқарма бастықтарының  орынбасарлары, 3 АІІБ бастықтары қызметтерінен төмендетуге ұсынылды. ІІД басқарма бастығына және басқарма бастығының орынбасарына басқа қызметке ауысу ұсынылды. Облыстық ІІД  Басқарма бастығының орынбасарына жұмыстан шығу ұйғарылды.

Павлодар облысы бойынша 116 қызметкер аттестаттаудан өтті, оның ішінде 105-і лауазымына лайықты, 7-уін қызметтік лауазымдарынан төмендету ұсынылды, 4-уі басқа қызметке ауыстырылды. ІІД Басқарма бастығы орынбасарының және  аудандық ІІБ 2 басшысының қызметі төмендетілді. Қылмыстық атқару жүйесі колледжі бастығының орынбасарына  басқа қызметке ауысу ұсынылды.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аттестаттаудан 81 қызметкер өтті. Оның 3-уіне жоғары лауазым ұсынылды, 65 қызметкер лауазымдарына лайық, 4 қызметкер лауазымдарынан төмендетілді, 6 қызметкер басқа қызметке ауыстырылды, 3-уі ІІО-нан қызметтен шығарылды.

Қалалық ІІБ бастығы орынбасарының лауазымы төмендетілді. ІІД Басқарма бастығына және облыстық күзет қызметінің бөлім бастығына басқа қызметке ауысу ұсынылды.