ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Бағлан Жұмановпен сұхбатымызда еңбек қауіпсіздігі туралы сөз болды.
– Аттракциондар мен ойын алаңдарындағы еңбек қауіпсіздігі талаптары қандай? Кейінгі үш жылда Қызылорда облысында осы сияқты жағдайлар тіркелді ме?
– Еңбек қауіпсіздігі – еңбек қызметі процесінде жұмысшыларға зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген жұмысшылардың қорғалу жай-күйі.
Еңбек кодексінің талабына сәйкес жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға міндетті. Осы кодекстің 180-бабының 3-тармағына сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушінің қаражаты және ел заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады. Жұмысшылар бұл мақсатқа арналған шығысты көтермейді. Қаражат көлемі жұмыс берушінің актісінде немесе ұжымдық шартта айқындалады.
Анықталған кемшіліктер туралы сұрағыңызға айтарым, 14 маусым күні Қызылорда қаласында болған жазатайым оқиғаға дейін облыс аумағында аттракциондар мен ойын-сауық алаңдарында еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ.
– Аттракционда жұмыс істейтін адамнан не талап етіледі? Олардың жұмыс режимі мен демалыс уақыты қалай бақыланады? Операторлар мен техникалық қызметкерлер қандай оқыту немесе нұсқамадан өтуі тиіс?
– Жұмыс беруші мен жұмысшының арасында еңбек шарты жасалады. Оның мазмұнында жұмыстың басталу күні, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттар көрсетіледі.
Жұмыс беруші жұмысшыларға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, оларға нұсқау беруді және білімін тексеруден өткізуді, сондай-ақ меншікті қаражаты есебінен өндірістік процесс пен жұмысты қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті. Жұмыс беруші жұмысшыны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша кіріспе, жұмыс орнындағы алғашқы, қайталама нұсқаулардан өткізеді.
– Қызметкерлердің шамадан тыс жұмыс істеуі қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін бе?
– Еңбек кодексінің 71-бабының 4-тармағына сәйкес осы кодекс пен еліміздің өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайды. Еңбек кодексінің 68-бабының 3-тармағына сәйкес негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан аспауға тиіс.
Жұмыс беруші жұмыс уақытын заңда белгіленген нормадан асырған жағдайда жұмысшының шамадан тыс шаршауына, зейінінің төмендеуіне және қауіпсіздік талаптарын бұзуына әкеп соғуы мүмкін.
– Әлгіндегі оқыс жағдайға байланысты еңбек инспекциясы тарапынан тексеру жүргізілді ме? Нәтижесі нені көрсетті? Зардап шегушіге қандай көмек қарастырылған?
– Департаменттің 16 маусымдағы бұйрығы негізінде арнайы тергеп тексеру комиссиясы жазатайым оқиға бойынша тергеп-тексеру жүргізді. Комиссияның 26 маусым күнгі көпшілік пікірмен шығарылған акті негізінде жұмыс беруші мен жұмысшының аралас кінә дәрежесі қарастырылған. Комиссия төрағасы, еңбек қауіпсіздігі еңбекті қорғау бөлімінің бас маманы - мемлекеттік еңбек инспекторы қабылданған шешіммен келіспей Еңбек кодексінің 190-бабының 2-тармағының 3-бөлігіне байланысты пікірін жолдаған.
Осыған сәйкес Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы арнайы тергеп-тексеру комиссия жүргізген материалдар мен мемлекеттік еңбек инспекторының пікірін ескере келе, жазатайым оқиғада жұмыс берушінің кінәсі 100% екені туралы қорытынды беріп, оны облыстық полиция департаментіне жолдады.
Жазатайым оқиға еңбек қызметімен байланысты деп танылған кезде Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес жұмысшының жұмыста мертігуіне немесе кәсіптік ауруға шалдығуына байланысты төленетін еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері орташа жалақының 100%-ын құрайды. Аталған кодекстің 122-бабының 1-тармағына сәйкес жұмысшының еңбек міндетін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды ел заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті.
– Инспекция тарапынан аттракциондардағы қауіпсіздікті күшейту туралы қандай ұсыныс берілді?
– Департамент мамандары облыс аумағындағы аттракциондар мен ойын-сауық алаңдарында болып, жұмысшыларға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді. Сонымен қатар жұмыс берушілерге хаттар жолдады. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып келеді.
Еске салсақ, осы оқиғаға байланысты абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.