Аты аңызға айналған әндер: Мұқағали, Қасым жырларының сыры

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым Аманжолов - қазақтың аса ірі ақындарының бірі. Оның көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, қазақ әдебиеті тарихында айтулы орынға ие шығармашылығы негізінен, поэзиялық туындылардан тұрады.

Әншілік, әртістік өнерге бейім, музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын ақ көңіл "ерке Қасым" 1941 жылы майданға аттанып кеткенге дейін де ақындық жолына біржолата бет бұрған еді.

Қасым поэзиясындағы патриоттық, отаншылдық сезім соғыс жылдарында ерекше күшейді. Соғыстың қатал да ащы шындығы ақынды да, оның жырларын да тың өріс, жаңа биікке көтерді. «Қып-қызыл өрттің ішінде жүрген» жалынды ақын Қасым өте жігерлі қазақ солдатының күнделігін қалдырды. Солардың бірі әрі бірегейі, уақытында халық арасында кең таралған, күні бүгінге дейін ел аузынан түспей айтылып, тыңдалып келе жатқан «Дариға сол қыз» әні. 

"Дариға, сол қызда" майдан арпалысы, тарихи шындық, жеке адамның басындағы трагедия және соның бәрінен аман алып шыққан өмірге деген құштарлық оптимистік рухта өрнектелген. Кейіпкердің жан дүниесіндегі бұлқыныстар белгілі тарихи кезеңдегі жеке адам мен қоғам өміріндегі әлеуметтік драматизмді бейнелейтін образдылыққа айналған. Көркемдік-философиялық жинақтаушылық мәнге ие жыр жолдары ақынның тағы бір биікке көтерілгенін танытты. "Көрсетпей жүзін, естіртпей сөзін, қаһарын төгіп тұр долы соғыс", "сапырды дауыл, тебіренді теңіз, тулады толқын, шайқалды шың-құз" деген жолдардан замана трагедиясын, "арманым бар ма өлсем бір көріп, қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?" дегеннен лирикалық қаһарманның өмірге деген құштарлығын, махаббат құдіретін, "дедім де тұрдым, жүгіре бердім, қолымда найза, шағылып айға" дегеннен елі үшін өзін арнаған батыр жүректі, қайсар рухты  ұлт ұланын байқауға болады.

Сол сияқты ақын Мұқағали Мақатаевтің сөзіне жазылған, Әбиірбек Тінәлиевтің  атақты «Фариза» әнін ең танымал, аты аңызға айналған әндердің бірі деп айтуға әбден болады. Әннің қалай туғаны туралы сан түрлі әңгімелер айтылып келеді. Айтылып жатыр, айтыла бермек. Бұл өлеңнің халыққа кеңінен танымал болуы Мұқағалидың қазақтың ақын қызы Фаризаға арналуында ғана емес еді. «Фариза» өлеңіне композитор Әбиірбек Тінәлиев  ән жазуымен байланысты. Бәлкім «Фариза» ән болып шырқалмағанда Мұқағали Мақатаевтың арнау өлеңдерінің бірі болып қана қалар ма  еді?!.

Әннің шынайы тарихына үңілсек, «Фариза» әні 1987 жылы туған.  М. Мақатаевтың өмірінің соңғы кезеңіне арналған пьеса жазуға Жамбыл облыстық театрынан Оразхан Бодықовқа тапсырыс берілген. Сол кезде Оразхан Бодықов «Жан азабы» деген пьеса жазады. Пьеса сахналанып, 1987 жылы 1-15 маусым аралығында олар осы қойылыммен Нарынқол ауданына барады. Сол қойылымның композиторы әрі кейіпкері болған автордың құлағына Қуандық Қасымовтың 16 күн бойы «Фаризаны» 32 рет оқығанынан өлең әбден сіңіп қалады. Ән 16 маусымда дүниеге келген. Сол күні «Жан азабының» режиссері Қуандық Қасымовтың туған күні екен. Композитор Әбиірбек Тінәлиев   оған телефон арқылы әнді туған күніне жасаған сыйлығы еткенін айтқан. «Сыйлығын» орындап та береді.

Әннің үлкен сахнадағы тұсауы ең алғаш рет Республика сарайында өткен Халықаралық ақындар айтысында кесілген. Әнді естіген халық бұл туындыны аса зор қошаметпен қабылдайды. Сөйтіп, «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз!» деп басталатын әйгілі ән көп ұзамай жалпақ жұртқа жайыла бастайды. Атақты ақынның сөзіне жазылған әннің елге таралуымен қатар, оның аңызы да қоса тараған.

Жоғардағы екі ән сияқты дақпырты мол келесі бір ән - «Қара бауыр қасқалдақ». Бұл әннің сөзін жазған Есенғали Раушанов екенін көзқарақты жұрт  жақсы біледі.  Бала күнінде-ақ «Планета боп Есенин айналып жүр, Есенғали ауылда қой бағып жүр...» деп өлеңдер жаза бастаған арманшыл ақынның шығармашылығы өзіндік даралығымен оқырман көңілінен шығып жатады. Әдебиетте болсын, ғылыми зерттеу ретінде болсын, құстар жайында қазақта Есенғалидай көп жазған ешкім жоқ.  Есенғали Раушановтың «Құстар - біздің досымыз» кітабында аталған тақырыпта өте мол мағлұматтар берген. Қысқасы ақын құстарға деген махаббатын, құстардың адам баласына деген жақындығын айтқан. Раушанов ақын ретінде құстарды поэзияда да көп тақырып еткен. Оның ел білетін нақты бір мысалы ретінде жоғарыда айтқан «Қара бауыр қасқалдақты»  айтуға болады. Е. Раушановтың сөзіне жазылған Лесбек Амановтың бұл әні туралы әңгімелер қазірге дейін әр түрлі айтылып келеді. Алайда бұл өлеңді нақты қандай мақсатта жазылғанына соңғы нүкте әлі қойылған жоқ.

«...Ұя қалса иесіз - айдын үшін сол қайғы,

Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды...»

 Ән ретінде өзіндік ерекше тарихы бар «Алтайдың аржағынан келген аруды»  атауға болады. Белгілі ақын-сазгер Тынышбай Рақым әннің сөзін де, әуенін де өзі жазған. Ән ел арасында үлкен танымалдылыққа ие болған соң, бұл әннің туу тарихына орай әр түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылып жатты.   Тіпті бәзбіреулер, «ән авторы Алтайдан келген жас қызға ғашық болып, соған қосылып, өз жанұясын тастап кетіпті» деген сыңайдағы әңгімелер таратты. Бұл Тынышбай Рақымның жанына батып, ақын көзі тірісінде ән тарихын телебағдарламаларға сұхбат бергенде толық баяндап берген.

 Қытай елінен 1991 жылы Қазақстанға арнайы шақырумен әр түрлі өнер өкілдері келеді. Қытайдан келген делегация ішінде Әмина Еркешқызы атты қазақ қызы болған. Өзі Үрімші қаласындағы қазақ телевизиясында диктор болып қызмет етеді екен. Ол екі елдің арасында аудармашы болады. Екі жақты кездесудің талаптары бойынша тек ресми түрде сөйлесу керек. Делегация мүшелері бір-біріне жөнсіз жақындап, әңгімелеспеуі керек. Шара аяқталған соң, қонақтар еліне қайтады. Сол кездесуде болған Тынышбай Рақым Қытай еліне кетіп бара жатқан қарындасына жаны ашып, тіпті, тілдесе алмағанына іштей өкініп қалады да, ішінен: «Қимайтын жан екенсің жат ұяға» деп айтады. Кейін үйіне келіп, қалған өлең жолдарын, әуенін жазады.

Шынын айтқанда «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні көпшілік ойлағандай ғашықтықтан туған ән емес. Бұл әнді алғаш рет 1993 жылы «Кеш жарық» бағдарламасында әнші Сәкен Қалымов шырқаған. Уақытында ән өзге елде тұрып жатқан қазақ бауырлардың рухын көтеріп, «елге қайтыңдар, бауырлар» деген үндеу іспетті болған еді.

Қазақ халқында бұл сияқты шығу тарихы аңызға айналып, кейін әркім әр түрлі етіп әңгімелейтін ән-күй көп болған. Біз бұл жолы өткен жарты ғасыр аралығындағы ән өнерінде елімізде ең танымал сондай-ақ, жұрт арасында дақпырты да мол болған әндер туралы айтып отырмыз. Ұлтымыздың музыка әлемінде мұндай өзі өміршең, өзі тыңдармандарына мол рухани азық сыйлап қана қоймай, артынан айтылатын әңгімесі ғасырларға кететін әндер әлі де туатынына сенім мол.

                                                                                                                                                                                             Бейсен Сұлтан