Аты аңызға айналған автоспорттың әлемдік жұлдыздары «Жібек жолы» халықаралық ралли аясында Қазақстанға келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аты аңызға айналған автоспорт әлемдік жұлдыздары - Себастьян Лёб, Стефан Петрансель мен Сириль Депре «Жібек жолы» халықаралық ралли аясында Қазақстанға келеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялaр қызметінде өткен брифингте «BI Group» Компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Dakar Team Astana» ралли-рейд бойынша бірінші қазақстандық команданың пилоты Айдын Рақымбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, «Жібек жолы» жарысы бірнеше мәрте өткізіліп келеді, алайда оның ауқымы биылғыдай ешқашан болған емес. «Қазақстанға алғаш рет «Дакар» жыл сайынғы құрлықаралық ралли-марафон бөлігі келгелі жатыр. Оған әлемнің барлық титулды командалары, атап айтқанда Peugeot, Mini, Toyota секілді заманауи автоөнеркәсіп өкілдері атсалысып, олар Қазақстанды басып өтеді, Астанаға да соғады. Олардың арасында планетаның ең титулды шабандозы Себастьян Лёбты, әлемнің 13 дүркін чемпионы Стефан Петрансельді,  ең титулды «дакарлық» Сириль Депрені және басқаларын атуға болады. Автоспорттың аты аңызға айналған қазіргі жұлдыздарының бәрі елімізге келеді», - деді А.Рақымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, әйгілі «Дакар» жарысының өзі 9 300 шақырымды құраса, «Жібек жолы»- «Шелковый путь» раллиі 10 800 шақырымнан асады. Ал ралли-марафонның ашылуына Ресей, Қазақстан мен Қытай басшылары қатысады деп күтіледі.  Сонымен қатар, Қазақстанға осы әйгілі доданы түсіру үшін шілденің 12-сінде «Eurosport» пен «CNN» телеарналарының түсіру топтары да келеді.

Қазақстан аумағында «Жібек жолы» раллиі 15 кезеңінің 4-еуі өтпек. Қатысушылар еліміздің 3 мың шақырымын басып өтетін болады.

Ралли мәресі 8-шілде күні Мәскеудің Қызыл алаңында ашылып, шабандоздар ол жерден Қазанға қарай бет алады. Одан кейін экипаждар Уфаға, Башқұртстанға, сосын Қазақстанға өтеді.

«Қазақстан аумағына шілденің 11-іне кіргеннен соң командалар Қостанайға соғады, Астанаға келіп, кейіннен Балқашта түнейтін болады. 14 шілдеде олар Алматыға жетіп, сонда тынығады. Ал 16 шілдеде Қазақстан шекарасынан өтіп, Тянь-Шан жоталары арқылы Қытайға өтеді. Соңғы кезеңдерде Қытайдың көне Жібек жолы оазистерін аралай отырып, Дуньхуан мен Цзяюйгуаньға, ары қарай  Алашань-Юци құмдарынан асады. Соңғы 15-і кезеңде шілденің 24-інде солтүстік Қытайдың Хух-Хото аймағына жетеді», - деді А. Рақымбаев.