Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «ҚазАқпарат» ХАА ресми сауалына берген жауабында айтылған. ҚР ИДМ бес қызметкері 18 тамызда бастаған тергеуді Орынбасаровтың сотқа талап арыз беруі салдарынан уақытша тоқтатуға тура келген.
«2016 жылғы 6 қыркүйекте Астана қаласының Есіл аудандық соты М.И.Орынбасаровтың талап арызы бойынша азаматтық іс бойынша өндірісті тоқтату туралы ұйғарым шығарылды,-делінген хабарламада. Мұнымен М.Орынбасаров тоқтамады, Азаматтық істер жөніндегі Сот алқасының сот шешіміне жеке шағым берді. Бұдан басқа, 29 қыркүйекте ол ауырып қалып, жұмысқа шықпаған. Бүгінгі күні оның сауыққаны туралы ақпарат жоқ. Ведомство Манас Орынбасаровтың жауапкершілік туралы мәселе шешілгенге дейін лауазымдық өкілеттіктерін орындаудан уақытша босатылғанын мәлімдеді.
Естеріңізге салайық, мемлекеттік мекемелердің жиырмаға жуық қызметкері әртүрлі органдарға шағымдармен жүгінген. Қызметкерлердің айтуынша, ұнамаған қарамағындағы қызметкерлерді балағаттаған, қудалаған және жұмыстан қуған басшының жөнсіз әрекеттері мен кәсіби біліктілігінің жоқтығы шағымдануға себеп болған. Ал ол босаған орындарға өз жерлестері мен бұрынғы әріптестерін алған.