Атылған 2,5 мыңға жуық адамның сүйегін қойнына басқан - «Албасты сай»

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі «Қасірет» мемориалының тарихы тереңде жатыр. Оңтүстікте 2,5 мыңға жуық азамат ату жазасына кесілген, сол арыстардың сүйегі осы жерде көмулі.  Жергілікті тұрғындар болса   мемориал аумағындағы терең сай -  «Албасты сайда» соларды ату жазасы жүзеге асырылғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндағы тұрғындардың сөзінше, жазалау орны - «Албастысай» көп жылдар бойы сырын жасырып келді. Атынан адам шошитын бұл сайдың астарында талай құпияның жатқаны белгілі болды. Тарихшылар бұл атаудың репрессия  жылдарына дейін де болғанын айтады. Қамыс басқан, батпақты алқапта Қоқан хандығы кезінде қарсылық көрсеткен қазақтарды осы «Албасты сайда» өлтіру жүзеге асқан екен. Кейіннен НКВД-ның бастығы Н.И.Ежовтың әйгілі №00447 «оперативті» бұйрығы негізінде жазаланғандардың да қаны осы сайда төгілген. Деректерге қарағанда, Сталиннің 1932 жылғы шілдедегі бұйрығы бойынша, НКВД антикеңестік азаматтардың көзін төрт айдың ішінде толық жойып бітуі керек болған. Осы бұйрықтың негізінде оңтүстікте І-кезеңде - 1 711 адам, ІІ-кезеңде 1 311 адам атылған. 12 мыңға жуығы сегіз жылдан 12 жылға дейін сотталды. Ату жазасына кесілгендердің барлығы да бұрынғы «Албасты сай», қазіргі «Қасіретте» жатыр. 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлер тұтқындалып, оларға түрлі сылтаумен айып тағылды. Қазақтың қаймағы болған арыстар түрлі мерзімге қамалып, ату жазасына кесілді. Араларында итжеккенге жер аударып кеткендері де бар. Сол қанды да қасіретті зұлмат жылдары шым шаһардағы  «Албасты сайға»  репрессияның қанды шеңгеліне ілінген боздақтарды атып, бір шұңқырға көмген деседі. Арасында көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны да кездескен.  Жендеттің оғынан ауыр жараланып, шалажансар күйінде өмір мен өлімнің арасында қалғандардың дауыстарын естігендердің шарасыздықтың күйін кешкені мәлім. Көнекөз қариялардың айтуынша,тән жарақатынан жаны қиналғандардың дауысы айналаға естілген. Жергілікті жұртшылық сондықтан бұл мекенге «Албасты сай» деп ат қояды.

«Бала кезімізде аталарымыз «бұл маңнан түнделетіп мылтықтың дауысы естілетін. Кейде тапаншаның дауысы естілетін» дейтін. Сондықтан  біз үшін ол сай  қорқынышты көрінетін. Баруға қорқатынбыз. 10-13 жасар ағаларымыз күндіз «Албасты сайға» барып келіп, көзімен көргендерін сыбырлап айтатын. Жер тамдарға жазаланғандарды апарып, бірінің үстіне бірін қалап кірер жерін жауып, көміп кететін» деп сыбырлай сөйлейтін. Біздің бала кезіміздегі «Албасты сайдағы» бар үйлер, кепелер, жер тамдар қазір жоқ. Құлаған, қираған. Қазір 2-3 шақырымдай жерді алып тұрған «Албасты сай» алабы қамқорлықты қажет етеді», - дейді ақсақал Өлмесхан Жәнібекұлы.

Қазір жантүршігерлік оқиғаларды естіп өскен алдыңғы буын аталардың қатары сиреген. Білетіндері «Албасты сайда»  терең сайды жағалай киіз үй тігіп, қоныстанған шағын ауыл болған деседі. Тұрғындар кейін «Қайтпас» елді мекеніне көше бастаған. Ал терең сайға  мал жайып,  отын жинауға барғандар «албасты көрдік, шайтан көрдік» деп, үйлеріне үрейленіп келеді екен. Қорқынышты әңгімелерден соң жұрт ол жаққа баруға қорқатын болған.

Айта кететін тағы бір жәйт, тұрғындар  Шымкенттің тұтас бір бөлігін алып жатқан «Қайтпас» елдімекенінің атауын да сол қуғын-сүргін жылдарымен байланыстырады. Зұлмат жылдарында айдауға салып, әкетіп бара жатқан адамдарды «қайтпасқа кетіп барады» деп айқан деседі. Өйткені әкетілген жандар қайта оралмай, тек мылтығын иығына салған жендеттер ғана кері қайтқан екен. Алайда  Өлмесхан ақсақал  «Албасты сай», «Терең сай» атауларының «Қайтпас» атауына ешқандай қатысы жоқтығын айтады. Ол мұны артельдің құрылуымен түсіндірді.

«Бұл жерде «Жасасын» деп аталған артель болды. Ол дегеніміз ұжымға дейінгі еңбек бірлестігі еді. Кейіннен арнайы уәкілдер келіп,  бұл жердің халқын нағыз еңбексүйгіш қайтпас, қайсар азаматтарға теңеген. Сөйтіп, халықты ұжымға біріктіріп,  «Жасасын» деген артельдің атауын  «Қайтпас» деп өзгертеді. Аталған ұсынысты сол кездегі халық та қолдаған»,- дейді Өлмесхан қария.

Бүгінде саяси қуғын-сүргін жылдары жазықсыз атылғандардың  қорымының орны бос тұр. Бұл жерден қала басшылығы нысан салу ісін тоқтатқан. Тек әр жылы 31 мамыр күні репрессия жылдарының құрбандарын еске алып, құран бағышталады.