Атымды Көкбай ақынның қызының құрметіне қойған - Қалжан Төкенқызы

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Сүйікті ісіне ғұмыр бойы адал болған жандар аз емес. Оларға заманның аумалы-төкпелі болуы, болмаса  қызмет барысында бетпе-бет келетін қиындықтардың өзі кедергі емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл өзі қалаған мамандыққа деген сүйіспеншіліктің арқасы. Кәсібін нәсіп қана емес, өмірінің мәні деп білетіндердің бірі - семейлік Қалжан Төкенқызы Омарбаева. 28 жылдық еңбек өтілінде тек қана ұстаздық жолда келе жатқан кейіпкеріміз Қазақстанның жарқын болашағына баланатын білімді жастарды тәрбиелеу басты мақсатым деп біледі.

Ерке Ертістің жағасындағы шағын ауылда Төкен мен Бәтиманың шаңырағында 8-ші болып дүниеге келген Қалжан болашағынан мол үміт күттірген бала болып өскен екен. Әкесінің ерекше жақсы көретін балаларының бірі болған оның есімінің қойылуында да бір тарих бар.

«Әкем Абайдың талантты шәкірттерінің бірі, әйгілі Көкбай Жанатайұлының жиені. Ақынның Қалжан деген тұңғыш қызынан туған. Әжеміз жастайынан өзі ерке, өзі өжет, өзі ақынжанды болған екен. Тіптен тарихта «Қалжан қыздың әкесін жоқтауы» деген жоқтау да кездеседі. Әкесі дүние салғанда ауыл арасы шалғай  Балтарақ пен Тақырдың арасында 40 ауыз жоқтау айтып барған деседі. Міне осындай өнері бар әжемнің аты ұмытылмасын деді ме, әкем менің есімімді сол кісінің құрметіне қойыпты», -дейді кейіпкеріміз.

Әке ақылы мен ана тәлімін аяқасты етпей, ұстаздық мамандықты таңдаған Қалжан Төкенқызы алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінен бастаған. Бородулиха ауданына қарасты Новопокровка елді-мекеніндегі білім ошағында орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ берген. Табысты еңбегінің арқасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына дейін қызметі өскен.


«Алғашқы жоғары білімді Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында алдым. 4 жыл музыка мамандығын меңгеріп, баянды еркін тарта алатын дәрежеге жеттім. Музыкаға деген қызығушылығымды тудырған әкем болатын. Ол кісі жас күнінде консерваторияда оқып жүргенінде соғыс басталып кетіпті де, ел қатарлы майданға аттанған екен. Оқуын толық аяқтай алмаса да, фортепиано, үрмелі аспаптарда керемет ойнайтын. Бірақ бәрібір де мұғалім болу, шәкірт тәрбиелеу ісі мені қатты қызықтырды. Мен сол жолды таңдадым» - дейді Қалжан Төкенқызы.

20 жылға жуық ауыл мектебінде табысты еңбек ете келіп, тәжірибесі толысқан шағында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне ауысады. Мектептің кәсіби бағдарлау кеңесшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы болып еңбек ете жүріп, зияткер оқушыларды ғана емес, ұстаздық жолын енді бастаған жас мамандарға да қажетті ақыл-кеңесін аяған емес.

Бүгінде мектеп жатақханасының меңгерушісі болып қызмет жасайтын Қалжан Төкенқызы ұжымда абыройлы әріптес, шәкірттері үшін білікті ұстаз.

«Жатақхана жұмысы өз алдына бір әлем. Мектебімізге білім алуға келген 120 оқушының оқу маусымы кезіндегі тұрағы бізде. Сабақтан тыс уақытта олардың қауіпсіздігі, денсаулығы, оқу үлгерімі, өз қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерге қатынасуы, жеке басының дамуы, тамақтануы, тіптен уақытымен дем алуына дейін біздің бақылауымызда. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол үшін жатақхана тәрбиешілері соған лайықты болу үшін әркез іздену үстінде жүреміз»,-дейді ұстаз.