Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін аппараттық кеңес барысында қала басшысы Атырау қаласын көгалдандыру мен абаттандыруға қатысты бірден бірнеше мәселе көтерді. Атап айтқанда, Алимұхаммед Құттұмұратұлы жасыл екпелерді суару, ағаштарды кесу, сәндік гүлдер отырғызу және шағын архитектуралық құрылыстар орнату мәселелерін қозғады.
«Қала тұрғындары тарапынан ағаштар мен бұталы өсімдіктерді суарудың нашарлығына байланысты көптеген реніштер айтылуда. Қазір орталық көшелердің өзінен қураған көшеттерді байқауға болады. Суаруға арналған барлық су құбырларының дұрыстығын, су қысымының деңгейін тексеру қажет. Егер тамшылатып суару жүйесі қаламызға жарамайтын болса, онда әдеттегі су құбырын жүргізіңіздер, біздің міндетіміз - барлық жасыл екпелерді сақтау», - деп тапсырды қала басшысы қарамағындағыларға.
Сонымен қатар, Алимұхаммед Құттұмұратұлы облыс орталығының эстетикалық безендірілуінің талғамсыздығын, шағын архитектуралық кескіндерді жобалау және қаланы көгалдандыру мен сәндеу кезінде ортақ жүйенің жоқтығын баса айтты.
«Қала халқы соңғы кездері қаланы безендіруге қатысты наразылық білдіруде, бірыңғай тұжырымдама жоқ. ТКШ бөліміне қаланы көгалдандыру және абаттандыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Облыс орталығын безендіруге арналған архитектуралық нысандар мен көшеттер жалпы қаланың стиліне сай етіп орнатылуы тиіс және үйлесімсіз көрінбегені жөн», -деді шаһар басшысы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қаратып.