Атырау әкімі концлагерь тұтқынында болған Екатерина Абсатырованы құттықтады

Фото: Атырау облысының баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда балалық шағын концлагерь тұтқынында өткізген Екатерина Абсатырова тұрады. Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов 92 жастағы кейуананы Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылы Екатерина Абсатырова отбасымен бірге Финляндиядағы концлагерьде түскен. Ол сол кезде 10 жаста болған.

«Сын сағатта елін қорғаған ардагерлерімізді құрметтеу – біздің парызымыз. Сол бір қиын күндер тарих қойнауына енді. Алайда, майдангерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Соғыста жеңімпаз болмайды. Біз сол кездің ауыртпалығын көрген жоқпыз. Қазір бейбіт заманда ғұмыр кешудеміз. Жақсылықтарға тез үйренеміз. Алайда, сол кез халық үшін өте ауыр болды. Сіз де қиындық көрдіңіз. Бірақ, мойыған жоқсыз. Деніңіз сау болып, ұзақ ғұмыр жасаңыз», -деді Серік Шәпкенов.

Концлагерь тұтқыны болған Екатерина Абсатырова 1931 жылы 19 қаңтарда Мордовияда дүниеге келген. Оның отбасы концлагерь тұтқынынан 1944 жылы бостандыққа шыққан.

«Содан екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін әртүрлі жұмыс істедім. Асханада аспаз, әскери госпитальда санитар секілді жұмыстарды атқардым», -дейді Екатерина Абсатырова.

Соғыстан кейін атыраулық Вагаф Абсатыровпен отбасын құрған. 1968 жылы отбасымен Атырауға көшіп келген.

Жергілікті локомотив депосына жұмысқа орналасып, машинистердің демалыс үйінде кезекшілік атқарқан. Сол деподан зейнетке шыққан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын бала кезінде концлагерь тұтқыны болған атыраулық кейуанаға 1 млн теңге берілетінін жазған едік.

Сондай-ақ, атыраулық ардагер Екатерина Абсатырова концлагерьдегі азапты күндер әлі де түсіне кіретінін айтқан еді.