Атырау әкімі марафонға дайындалып жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласының әкімі ATYRAU MARATHON марафонына дайындық туралы баяндайтын бейнероликке түсті. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған марафонды Атырау облысы жеңіл атлетика федерациясы ұйымдастырады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов стадионға келіп, жарыс қатысатындармен тілдесті және бұл қашықтықты бағындыру үшін тыңғылықты дайындалу қажеттігін атап өтті. Осыдан кейін қала басшысының өзі жаттығу жасап, қала тұрғындары мен қонақтарын марафонға қатысуға шақыратын бейнероликке түсті.

ATYRAU MARATHON 6 мамыр күні Атырауда өтеді және жарысқа 16 жасқа толған кез келген адам қатыса алады. Марафон аяқталған соң қатысушыларға қазақстандық эстрада жұлдыздары - Қайрат Нұртас, Маржан Арапбаева және өзге де әртістер өнер көрсетеді.

22 және 29 сәуір күндері Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында марафон қатысушыларына арналған шеберлік сыныптары өтеді, сол жерде жарысқа қатысуға өтінім беруге болады. Марафон қатысушылары жарысқа міндетті түрде тіркелуі керек.