Атырау-Батуми ұшағының жолаушылары түнді әуежайда өткізуде

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраудан Тбилисиге ұшып шығуы тиіс болған ұшақтың рейсі кейінге шегерілді. Алдын ала ақпарат бойынша, әуе кемесі кем дегенде екі сағаттан кейін көкке көтерілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Scat air әуе компаниясына тиесі Атырау-Батуми бағытындағы №0821 чартерлік рейс жергілікті уақыт бойынша сағат 1.40-та ұшып шығуы тиіс болған. Бірақ хабарланғандай, Бакуден келетін ұшақтың кешігуіне байланысты рейс кем дегенде екі сағатқа кешіктіріледі», - деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне телефон арқылы жолаушылардың бірі Светлана Тараканова.

С.Тараканова Батумиге баласымен бірге ұшып шықпақ болған. Оның айтуынша, әуежайда кешікккен рейстің жолаушыларына ешқандай жағдайлар жасалып жатқан жоқ.

«Күннің ыстығына қарамастан жолаушыларға су да ұсынған жоқ. Ешкім кешірім де сұрамады. Барлық жолаушыларда Батумиде қонақүйдің ақшасы төленіп қойған. Бүгінгі күніміз босқа кетеді деген сөз. Жалпы Батумиге ұшып шыға алсақ», -  дейді ол.