Атырау билігі көшедегі кептеліспен күресті бастады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы қарбалас сәттерде автомобиль кептелісін тәртіпке келтіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алимұхаммед Құттұмұратұлы облыс орталығының бірнеше ықшам ауданын тексеріп, қарамағындағыларға қозғалысы көп жол қиылыстарын ретке келтіру, қала орталығындағы қоқыс және құрылыс қалдықтары проблемасын шешу, сондай-ақ тұрғын үйлердің қасбеттеріндегі ақауларды жою және жол жиегіндегі иесіз жер учаскелерін көріктендіру мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қаланы аралау барысында қала әкімі қаладағы автомобиль жолдарында көліктің өте көптігін атап көрсетіп, қарамағындағыларға қаланың қозғалысы көп жол қиылыстарындағы қолданыстағы оң бұрылыстарды кеңейту және жаңаларын салу жобасын әзірлеуді тапсырды.

Бірінші кезекте Баймұханов-Берғалиев, Бейбарыс-Амандосов, Бейбарыс-Құрманғазы, Тайманов-Бигельдинов, Владимирский-Ғұмаров көшелерінің қиылыстары белгіленді.

Аталған көше қиылыстарының бірқатарында бұрылыстар бар, алайда олардың енсіз болуынан автокөлік иелерінің жолда маневр жасауы проблема туғызады.

 «Облыс әкімі облыс орталығындағы жолдарда қарбалас сәттерде автокөлік кептелісін барынша ретке келтіруді тапсырды. Бірінші кезектегі міндет - көлігі қарбалас, үлкен жол қиылыстарындағы қозғалысты жеңілдету. Ағымдағы жылдың соңына дейін біз осы проблеманы шешуге тиіспіз», - деді қарамағындағыларға Алимұхаммед Құттұмұратұлы.

Сонымен қатар, қала орталығында жатқан құрылыс қоқыстары мен жеке учаске қоршауларының, тұрғын үй қасбеттерінің және жауынды күндері адам өте алмайтын балшыққа айналатын жол жиектеріндегі иесіз жер учаскелерінің көзге қораш жай-күйі қала басшысының ренішін туғызды.

«Қала тұрғындарын тазалық сақтау мәдениетіне әдеттендірген жөн. Бірінші кезекте қаланы тазалайтын коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейту керек, соңғы уақытта тұрғындар біздің атымызға көптеген реніштер білдіріп жатады. Екіншіден  кәсіпкерлерді өздерінің іргелес аумақтарын көріктендіруге, учаскелеріндегі ескі, қисайған қоршауларды, құрылыс қоқыстарын, арам шөптерді жоюға дағдыландыру қажет. Үшіншіден  тұрғын үйлердің қасбеттерін жақсарту және жол жиегін сәнді, эстетикалық келбетке келтіру қажет. Осының барлығын біз ағымдағы жылдың соңына дейін шешуге тиіспіз», - деп тапсырма берді шаһар басшысы Алимұхаммед Құттұмұратұлы.  

Сонымен бірге қала әкімі Геолог ауылдық округіндегі апатты жағдайда тұрған жатақхананың жай-күйімен танысып, тұрғындармен әңгімелесті.