Шығармашылық пен ізденіске құштар атыраулықтардың басын қосатын Atyrau Creative Hub үш бағыт бойынша жұмыс істейді.
Олар:
— Шығармашылық
— Әлеуметтік жобалар
— Жасанды интеллект
Жастар жасанды интеллект арқылы видеомейкинг, дизайн, адамдардың миындағы нейрондардың қозғалысын анықтайтын, төтенше жағдайдың алдын алатын жобалар жасап, өз өнімдерін сатып, дамытып келеді. Енді олардың басы осы орталықта қосылмақ.
— Мысалы, біздің креаторлар видеоаналитика жобасын дайындап, камералар арқылы адамдардың қозғалысын, санын анықтайтын жоба жасап шығарды. Жалпы ЖИ бағытына қызығушылық жоғары. Жаңа кеңістік сол жастарды жинап, сапалы әрі нарыққа қауқарлы өнім дайындауға мүмкіндік береді деп ойлаймын, — деді ЖИ-мен айналысатын жас Алтынбек Өтегенов.
Мұндағы тағы бір ерекше бағыт — 3D модельдеу арқылы түрлі зат жасап шығару.
Арнайы қондырғылар арқылы әртүрлі салаға қажетті бұйымдар дайындалады.
— Біз мұндағы принтерлер арқылы моделін жасаған заттарды сапалы түрде жасап шығарамыз. Жеке тапсырыс қабылдаймыз. Техникаларға қажетті бөлшектер біздің елде болмауы мүмкін. Нобайын жасап, дайын бұйым шығарамыз, — деді Сұлтан Каримов.
Бүгін көптің назарына Каспий және Арал теңізінің, сондай-ақ Жайық өзенінің қазіргі жағдайына түрлі бағытта қарауға мүмкіндік беретін «Көркем» ретроспективалық көрме ұсынылды. Бұл жұмыс фронтир ұғымы, экология, қоршаған ортамен өзара әрекет, далалық және зерттеудің нәтижесі.
Орталықта коворкинг, оқу аудиториялары, медиа студиялар, конференц-залдар, кітапхана, сондай-ақ демалыс аймақтары қарастырылған. Бүгінде хаб жетекшілері аудандар мен қаладағы креативті жастардың тізімін жасақтап жатыр. Алдағы уақытта оларға арналған түрлі шеберлік сағаттарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Бұған дейін Атырауда кретивті индустрияны дамытуға бағытталған хаб ресми түрде жұмысын бастағаны жөнінде жазған едік.