Перинаталдық орталық директорының міндетін атқарушы Қ.Ермағамбетовтің мәліметінше, осы кезге дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы 224 ота жасалған. Оның ішінде 124 жоспарлы, 100 шұғыл ота бар.
«Шұғыл отаның бірі жүктіліктің 32-аптасын өткеріп әйелге жасалды. Ол орталыққа 25 қаңтарда жүктіліктің 32-аптасында түсті. Жағдайы ауыр болды. Оған «Ауыр дәрежелі преэклампсия. Идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпура. Анемияның ауыр дәрежесі»
диагнозы қойылды. Сол себептен, жансақтау бөлімшесіне қабылданды. Жүкті әйелдің жағдайына байланысты №1 облыстық аурухананың мамандарымен консилиум өтті. Кейін оны елордадағы «Ана мен бала ғылыми орталығына» жеткізу туралы шешім қабылданды. Алайда, одан коронавирус инфекциясының белгісі анықталып, облыстық
перинаталдық орталығында шұғыл ота жасалды», - дейді Қ.Ермағамбетов.
Оның айтуынша, өмірге салмағы 1 келі 940 грамм, бойы 45 см қыз келген. Нәрестеге бастапқыда жансақтау бөлімінде ем-дом көрсетілген.
«Сәбиден коронавирус инфекциясының белгісі анықталды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін №2 облыстық ауруханада ем қабылдады. Содан соң 11 ақпанда үйіне шығарылды.
Осылайша, облыстық перзентхананың мамандары күрделі отаны сәтті жасап, ана мен баланың өмірін сақтап қалды», -дейді Қ.Ермағамбетов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 52 жастағы әйел тұңғыш сәбиін босанғанын
хабарлаған болатынбыз.