Атырау экологтері табиғатты бүлдірушілерге 7 млрд теңгеден астам айыппұл салды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау экологтері табиғатты бүлдірушілерге 7 млрд теңгеден астам айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары – бас мемлкеттік экологиялық инспектор Сырым Тілегеновтің мәліметінше, биылғы 6 айда жоспардан тыс 19 тексеру жүргізілген.

«Атырау облысында ауа бассейінін мұнай-газ өндіру және мұнай өңдеу қызметімен айналысатын кәсіпорындар ластайды. Соған байланысты жүргізілген тексерулер нәтижесімен Экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 25 дерегі анықталды. Табиғатты бүлдірушілерге 14 бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Оның ішінде 12 нұсқама толықтай орындалды. Қалған нұсқамалар орындау сатысында тұр», -деп хабарлады Сырым Тілегенов.

Оның дерегіне сүйенсек, анықталған заңбұзушылықтар қатысты 68 әкімшілік іс қозғалған. Бес 5 әкімшілік іс бойынша тоқтату жөнінде қаулы шығарылды.

«Сот органдарының қарауына 23 әкімшілік іс жолданды. Осы кезге дейін 9 іс қаралып, 7 млрд 237 млн 547 мың 814 теңге көлемінде айыппұл салынды», -деп мәлім етті Сырым Тілегенов.

Ал, 40 әкімшілік іс бойынша 34 млн 836 мың 925 теңге әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылып, толықтай өндірілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда рұқсатсыз ауаға газ жаққан шетелдік компания 21 млн теңге айыппұл төлегенін жазған болатынбыз.

Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «China National Chemical Engineering Co. LTD» компаниясының Атырау облысындағы филиалы 2022 жылы газды жағуды қоршаған ортаға эмиссияларды экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырғаны анықталды.

Осыған байланысты CNCEC-ке қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарылған. Қаулыға сәйкес компанияға 21 млн 267 мың 327 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, өндірілді.