«Атырау» ФК-ның қарыздары толығымен жабылады - облыс әкімі
08:38, 14 Наурыз 2013
АТЫРАУ. 14 наурыз. ҚазАқпарат - «Атырау» футбол клубының барлық қарыздары 28 наурызға дейін өтелетін болады, деп мәлім етті командамен кездесу барысында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Бұған дейін хабарланғандай, «Атырау» ФК-ны чемпионаттан шешу қаупі болды. Одан кейін Қазақстан футбол федерациясы барлық қарыздарды 28 наурызға дейін төлеп бітіру шартымен команданы ойынға қатыстыру шешімін қабылдады. БАҚ-тардың жазуынша, қарыздар 600 млн. теңгеден асып жығылады.
Сондай-ақ команданың жаңа ойыншыларын чемпионатқа қатыстырмау туралы федерацияның тыйымы алынды. «Атырау» ФК «Тобылмен» өтетін матчқа толық құрамда шығатын болды.