Атыраулық клубтың директоры Эрнис Есмагамбетов бас бапкердің ауысуына қатысты түсінік берді.
«Константин Александровичке атқарған жұмысы үшін алғыс айтамыз. Жарты жыл ішінде жағымды және есте қалатын сәттер болды. Команда 1 мамырдан бері өз алаңында жеңіске жеткен жоқ. Кейінгі 11 кездесуде екі рет қана жеңіске жеттік, кубокта топтық кезеңде қалып қойдық. Чемпионаттағы соңғы 5 кездесуде жеңіске жете алмадық. Бапкердің ауысуы, ең алдымен, команданың эмоционалдық көңіл-күйіне оң әсер етеді деп үміттенеміз», - деді ол.
Әзірге команданың бас бапкері қызметіне кімнің келетіні белгісіз.
«Үміткерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл Қазақстанда бұрын жұмыс істемеген шетелдік маман екенін ғана айта аламын», - Э.Есмағамбетов.
К. Горовенко 1977 жылы дүниеге келген. Футболдағы мансабында 1995-2004 жылдары «Қайрат», «Қайнар», «Астана», «Алматы», «Мегаспорт», «Сұңқар» командаларында ойнады. Ұлттық құрама сапында 2000-2001 жылдарда 6 ойында 3 гол соқты.
2020-2021 жылдарда Қарағандының «Шахтер», Талдықорғанның «Жетісу» клубтарында бас бапкер болды.
Биылғы жылдан бастап «Атырау» командасына жетекшілік етті.