Атырау футбол командасы Дания клубымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Жергілікті команданың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мақсат – балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту үшін тәжірибе алмасу және жаңа әдістемелер енгізу.
«Бұл – біздің клуб үшін тарихи қадам әрі маңызды оқиға. Өйткені, бұл жас футболшылармен жұмысты дамыту мен жақсартудың жаңа перспективасын ашады. Өзара құрмет пен алға ұмтылуға негізделген бұл меморандум жас таланттарды дамыту саласында құнды білім мен озық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік береді. Екі клуб та жас спортшыларды оқыту дағдылары мен тәсілдерін жетілдіруге көмектесетін бірлескен іс-шараларды, семинарлар мен жаттығуларды ұйымдастырады», - делінген «Атырау» футбол клубының әлеуметтік желіде таратқан ақпаратында.
Мұнайлы өңірдің футбол командасы ынтымақтастықтың нәтижесінде бірнеше мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр.
Біріншіден, балалар арасында дарынды футболшыларды анықтау, оларға футболшы әрі тұлға ретінде дамуға бірегей мүмкіндік беру. Екіншіден, жаттықтырушылар құрамының кәсібилігін, біліктілігі мен құзыреттілігін арттыруға ықпал етіп, тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігін қамтамасыз ету. Үшіншіден, оқу процестерін жақсартуға және оңтайлы нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізу. Төртіншіден, ойыншылар, жаттықтырушылар мен ата-аналар арасындағы достық қарым-қатынас пен өзара түсіністікті қалыптастырып, қолдау көрсететін орта құру.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Атырау» футбол командасына жанкүйерлердің орынсыз әрекеті үшін айыппұл салынғанын хабарланған еді.