«Атырау» футбол командасына жанкүйерлердің орынсыз әрекеті үшін айыппұл салынды

Фото: Фото: «Атырау» ФК баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қазақстан чемпионатының 15-ші туры аясында «Мұнайшы» стадионында өткен матч кезінде жанкүйерлердің жөнсіз әрекеті үшін «Атырау» футбол клубына 345 000 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Матч 15 шілдеде Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында өткен. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тәртіптік-бақылау комитетінің отырысында «Мұнайшы» стадионындағы, сондай-ақ матч аяқталғаннан кейін жанкүйерлердің тәртібі қаралған.

«Атырау» футбол клубы жанкүйерлерінің матчтың ресми тұлғаларына балағат сөздер айтуы, сондай-ақ матч аяқталғаннан кейін алаңға екі жанкүйердің шығуына байланысты тәртіптік регламенттің 63-бабының 1-тармағына сәйкес «Атырау» ФК-ға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. «Атырау» ФК айыппұлды 2023 жылдың 27 тамызына дейін төлеуі тиіс», - делінген Қазақстан футбол федерациясының мәлімдемесінде.

Қазақстанда 2023 жылға арналған бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 450 теңге болғандықтан, көрермендердің жөнсіз әрекеті үшін «Атырау» футбол клубына 345 мың теңге айыппұл салынды.