Атырау қаласын көгалдандыру аясында тұрғындарға үш мың көшет таратылды
Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін тұңғыш рет көшеттердің жергілікті тұрғындарға тегін таратылу акциясы өтті. «Арнаулыавтобаза» ЖШС-нің аумағында сағат 10-нан бастап тұрғындар кезекке тұрды. Тұрғындарға ағаштың үш түрі ұсынылды - үйеңкі, шетен және қарағаш.
"Ағаштарды алу үшін тұрғындар өздерінің телефон нөмірін және ағаш отырғызылатын мекен-жайын қалдыру керек. Барлығы 5 көшет алып, одан әрі тиісті күтім мен суаруды қамтамасыз етуі қажет. Арнайы құрылған комиссия тұрғындардың іс-әрекеттерінің орындалуын бақылайтын болады", - деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өндірістік-техникалық секторының жетекшісі Акесен Ибрагимов.
Акесен Ибрагимовтың айтуынша, көшеттер Индер ауданынан әкелінген. Жасыл көшеттер әлеуметтік мекемелерде - балабақшалар мен мектептерде отырғызылады, үш мың жас ағаш тегін таратылды.
Айта кетейік, Атырауда екі айлық санитарлық тазалау жұмыстары жалғасуда. Сәуір сенбіліктерінің аясында облыс орталығында жасыл көшеттер отырғызу жоспарланған.