Атырау қаласынан күніне 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласы мен қала маңындағы ауылдардан күніне 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір әкімдігінің Telegram-каналында облыс орталығын санитарлық тазалаумен айналысатын «Спецавтобаза» ЖШС өкілдері күнделікті жұмыстары жөнінде баяндады.
Олардың айтуынша, қаланы санитарлық тазалаумен күн сайын 325 жұмысшы айналысады. Сонымен қатар, қоқыс таситын 22 көлік, 16 трактор, 9 самосвал жұмылдырылады. Жаз мезгілінде құрылыс қалдықтарының көбеюіне байланысты компания тұрғындардан арнайы техниканы жалға алуға мәжбүр болған.
«Спецавтобаза» ЖШС жүргізілетін жөндеу және құрылыс жұмыстарына байланысты жаз мезгілінде қоқыс көп шығарады. Күн сайын полигонға 300 тоннаға жуық қоқыс жеткізіледі. Бұл – қала аумағындағы қоқыстардың көлемі. Олардың арасында заңды түрде жойылмаған, бірақ полигондарда сақталатын құрылыс қалдықтары, арамшөптер, контейнерлерге, арнайы орындарға және дүкендер маңайларында орналасқан шағын контейнерлерге лақтырылатын қоқыстар бар«, - дейді коммуналдық қызметкерлер.
Көктемгі маусыммен салыстырғанда жол қызметкерлерінің саны 100 адамға көбейген. Жұмыс күні 8.00-ден басталып, 20.00-де аяқталады. Түнгі уақытта қосымша қызметкерлер шығады.
»Қаланы «Спецавтобаза» ғана емес, қала тұрғындары да таза ұстауы керек. Олар құрылыс қалдықтары мен ірі қоқыстарды қаланың әртүрлі бөліктеріне, контейнерлердің сыртына тастай салып, заң нормаларына қайшы әрекеттер жасауда. Негізінде тұрғындар арнайы техниканы өздері шақырып, қоқыс тастау үшін және қала сыртына шығару үшін ақы төлеуге міндетті. Халықтың 30% аталған қоқыс жинау қызметіне ақы төлемейді. Олар төлеген жағдайда кәсіпорынның автопаркіне үлкен көмек болатын еді«, - дейді коммуналдық мекеменің басшылары.