Атырау қаласында 672 пәтерлік 17 тұрғын үй салынады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл Атырау қаласында 672 пәтерлік 17 тұрғын үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласының әкімі Қайра Оразбаевтың мәліметіне сүйенсек, биыл облыс орталығындағы «Береке» шағын ауданында​ 240 пәтерлік ​ бір тұрғын үй бой көтереді. Ал​ «Самал» ықшамауданында​ 432 пәтерлік ірі панельді 16 тұрғын үйдің ​ құрылысын жүргізу жоспарланған.

«Сонымен қатар, Талғайраң елді мекенінде көпқабатты 46 үйдің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Мұнда салынып жатқан 1080 пәтерлік көп қабатты 24 тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы жүріп жатыр» -дейді Қайрат Оразбаев.

Әкімнің айтуына қарағанда, былтыр «Нұрлы жер» тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Терможаңғырту» бағытымен көпқабатты 4 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Ал биыл осындай 15 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу көзделген.

Еске сала кетелік, бұдан Атыраудың Индер ауданында көпқабатты 20 тұрғын үй салынатынын хабарлаған едік.